Ауа райы
Астана 7 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да коронавируспен стационарға жатқызылатындар саны 5 есе азайды

2020 жылдың 11 тамыз 2020 13:02

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына байланысты провизорлық стационарлардағы төсек-орын саны 300-ге қысқарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары, халыққа медициналық қызмет көрсетудің уақтылығына, сапасына және толықтығына мониторинг жүргізетін жұмыс тобының жетекшісі Нұрлан Жахин денсаулық сақтау мекемелерінің бүгінгі жағдайы туралы брифингте айтып берді.

Провизорлық және инфекциялық стационарларда медициналық көмек көрсету бойынша жағдай тұрақтанды. Оң өзгерістерге қарамастан, медициналық ұйымдарды нығайту жұмыстары жалғасады.

Мониторинг кезінде өкпені жасанды желдету аппараттарына қажеттілік анықталған. Қазір осындай 14 қондырғы керек. Жалпы, облыс бойынша өкпені жасанды желдету аппараттарының саны 73-тен 110-ға дейін, оттегі концентраторларының саны 13 есеге артып, 18-ден 228-ге жетті.

«Өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуға республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Нәтижесінде осындай аппараттың 85-і және оттегі концентраторының 102-сі жақында жеткізілмек. Медицина қызметкерлері үшін жеке қорғаныс құралдарын алуға да қаржы бөлінді. Жалпы осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 528 млн теңге бөлінді», - дейді Нұрлан Жахин.

СҚО-да жедел медициналық көмектің қызметіне жүгінетіндер саны 47% төмендеген. Мәселен, шілденің басында тәулігіне 712 қоңырау келіп түссе, бүгінгі күні олардың саны 300-ді құрайды.

«Провизорлық және инфекциялық стационарларға емдеуге жатқызу 5 есе - 271 адамнан 51-ге дейін азайды. Кешеден бастап провизорлық стационарлардағы төсек-орын саны 300-ге қысқарды. Алайда, мониторинг барысында кей аудандарда дәрі-дәрмекке қажеттілік, кадр тапшылығы бары анықталды», - дейді мониторинг топ жетекшісі.

Нұрлан Жахиннің айтуынша, демеушілік қаражат есебінен ауылдық жерлерге дәрі-дәрмектер сатып алынып, мұқтаж жандарға препараттар тегін берілуде.


Жоғары қарай