Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 32 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

СҚО-да интернеті жоқ ауылдарда электронды күнделікті толтыруға тыйым салынды

2019 жылдың 3 желтоқсан 2019 21:50

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов сапалы интернеті жоқ елді мекендердің мұғалімдерін электронды күнделік толтыруға мәжбүрлеуге тыйым салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінің отырысында цифрландыру мәселелері талқыланды. Жиын барысында СҚО әкімі Құмар Ақсақалов интернет желісі жоқ ауылдарда мұғалімдерді электронды күнделікті мәжбүрлеу фактілері бар екенін айтты. Ұстаздардың кейбірі құжатты толтыру үшін тіпті көрші елдімекендерге баруға мәжбүр.

«Интернет жоқ ауылдарда электронды күнделікті толтыру қисынға келмейді. Мұғалімдерді мәжбүрлемеңіздер. Интернеттің жылдамдығы төмен болғасын, мектепте түнде жұмыс істеуге тура келеді. Тіпті кейбір мұғалімдер көрші ауылға барып, толтырады дегенді естідім. Мұндайға енді жол берілмесін», - деді Құмар Ақсақалов.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, «электрондық күнделікті міндетті түрде толтыру керек» деген тапсырма жоқ.

Қазір облыста 519 елді мекен болса, соның 338-і ғана жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған. Бұл мәселе алдағы жылдары шешімін таппақ. Мәселен келер жылы 236 ауыл, 2021 жылы 196 елді мекен сапалы интернет желісіне қосылмақ. Жоғары жылдамдықты интернетті тартуға көп қаражат қажет. Сондықтан бұл жоспар мемлекеттік бағдарламалардың аясында жүзеге асырылмақшы.

Жоғары қарай