Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да емдеу мекемесіне цифрлық ангиограф орнатылды

2021 жылдың 18 қаңтар 2021 14:29

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облыстық ауруханасына инсульт пен инфаркт кезінде күрделі ота жасауға қажет заманауи цифрлық ангиограф орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір облыста 3 ангиограф қондырғысы бар. Былтыр осындай заманауи ангиограф кардиология орталығына орнатылды. Бір жылға жуық уақыттың ішінде аппаратпен 1,2 мың ота жасалып, мыңнан астам адамның өмірі сақталды. Дәрігерлерге миға операция жасауға мүмкіндік берді.

«Тағы 4-ші ангиографты сатып алу жоспарда бар, қондырғы салынып жатқан көп салалы ауруханаға орнатылады. Бұл өңірдің қажеттілігін толығымен жабады. Әлемдік стандарттарға сәйкес 150 мың адамға 1 ангиографтан келеді.

Жалпы, өткен жылы қондырғыларды жаңартуға 12 млрд астам теңге жұмсалды. Біздің ауруханалар заманауи МРТ, КТ, УЗИ, рентген, ангиографпен толықты. Биыл да цифрлық маммограф, екі компьютерлік томограф және басқа да маңызды құралдар алынады», - дейді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.

Денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржыны ұлғайтудың арқасында көрсеткіштер жақсара түсті. Мысалы, онкология бойынша өлім деңгейі 13 %, инфаркт 10 % төмендеді. Туберкулезбен ауырғандардың саны 36 % азайды.

Бұған дейін Петропавлдағы жаңа «Жас өркен» ықшам ауданында 250 орындық емхананың салынатынын айтқан едік.


Жоғары қарай