Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

СҚО-да экология саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері белгілі болды

2020 жылдың 14 наурыз 2020 17:53

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық испекциясы мен экология департаментінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, әр мекемеде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған.

«Талдау барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған 16 ұсыныс әзірленді. Экология саласында лауазымды тұлғаға шешімді өз қажетінше қабылдауға мүмкіндік беретін дискрециялық өкілеттіліктің болуы, сынаманы іріктеуде бақылау-қадағалау қызметін жүргізуі, құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершіліктен және келтірілген шығын мөлшерінің орнын толтырудан алып кету мүмкіндігі бәрі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдері», - дейді Нұрлан Жахин.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық испекциясының мемлекеттік инспекторының қызметінен де тәуекелдерді анықтады. Мәселен инспекторлар заңнамалық деңгейде заңсыз ауланған жануарларды алуға, келтірген шығын мөлшерін есептеуге және құқықбұзушыға жаза түрін таңдап, әкімшілік жауапкершілікке тартуға өкілеттігі бар.

Талдауды жүргізу барысында қоршаған ортаға келтірілген шығынның орнын толтыру мәселесі де көтерілді.

Мамандардың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша Экология департаменті келтірілген шығын мөлшерін 58 млн теңгеге есептеген. Оның жартысынан астамы – 30 млн теңгесі әлі қайтарылмаған. Бұл – Петропавл қалалық әкімдігінің «Тазартқыш, су таратқыш және су өткiзгiш ғимараттар» кәсіпорнының қоршаған ортаға келтірген шығыны. Мекеме 2018 жылдың соңында Есіл өзеніне ластайтын заттары бар ағын суды жіберген. Қалалық әкімдікке ведомстволық бағынысты мекеме күшін жою рәсімін алға тартып шығынның орнын толтыруға асығар емес. Құжаттар бойынша олар 2018 жылдың желтоқсанында орындаулары керек еді.

Ведомство жүргізген талдау барысында сондай-ақ жергілікті басқару органдарының лауазымды тұлғаларының жауапкершілікті ескермегендіктері анықталған. Осылайша Бескөл ауылдық округінде белгіленбеген қоқыс орны пайда болған.

«Заңға өзгерістер енгізілді. Енді сіздерге дербес жауапкершілік жүктеледі. Сол себепті біз берген ұсыныстар тек қағаз жүзінде ғана орындалмауы керек. Керісінше сіздер мұны пайдаланып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға күш салуларыңыз қажет», - деді Нұрлан Жахин.


Жоғары қарай