Ауа райы
Астана -14 °С
Алматы -11 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да діни материалдарды таратушы айыппұл төлейді

2020 жылдың 15 қараша 2020 02:16

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында діни мазмұндағы материалдарды заңсыз таратқан тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 30 жастағы тұрғыны WhatsApp мессенджеріндегі статусына діни сипаттағы фотосуреттерді жиі қойып отырған. Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары әлеуметтік желілерге мониторинг жасау барысында анықтап, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің «ҚР діни қызметі және діни бірлестіктері туралы заңнамасын бұзу» бабы бойынша өндіріс қозғады. Сараптама қорытындысынан кейін жиналған материал сотқа жолданды.

Петропавл қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен ер адамға 35 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу түріндегі жаза тағайындалды.

«Діни сенім еркіндігі заңға қайшы келмеуі тиіс. Арнайы материалдарды шіркеулерде, мешіттерде және діни бағыттағы білім беру ұйымдарында не жергілікті атқарушы орган берген тиісті рұқсаты бар кітап дүкендерінде ғана таратуға болады. Діни кітаптарды жеке кітапханадан не басқа жолдармен таратуға тыйым салынған. Солтүстікқазақстандықтарды заңнама талаптарына мұқият болуларын сұраймыз», - дейді СҚО ПД ЭҚІҚБ бастығы Руслан Жарасбаев.

СҚО-да діни мазмұндағы әдебиетті сатуға рұқсаты бар дүкендердің саны - 15, оның 14-і Петропавлда, біреуі Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында орналасқан.


Жоғары қарай