Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 10 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да диқандар шағын зауыт салып, сұйық тыңайтқышты өздері өндіріп жатыр

2020 жылдың 4 тамыз 2020 22:52

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өсімдік шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер шағын зауыттар ашып, тиімділігі жоғары сұйық тыңайтқыштарды өздері шығаратын болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында СҚО әкімдігінде күзгі орақ науқанына әзірлікті пысықтаған отырыста белгілі болды.

Мамандардың айтуынша, қандай тұқым болмасын қосымша құнарсыз жақсы өнім бермейді. Биыл өткен жлмен салыстырғанда тыңайтқыштарға қаржыландыру 40% артқан. Яғни 18,1 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде шаруалар 2,3 млн га аумаққа 130 мың тонна тыңайтқыш себе алады. Бүгінде оның 1,5 млн га өңделді.

«Ел бойынша бұл жоғары көрсеткіш. Жыл сайын біз оны арттырып келеміз. Егер 3 жыл бұрын тек 91 мың тонна тыңайтқыш қана қолданылса, былтыр 120 мың тоннасы себілді», - дейді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысының айтуынша, жергілікті шаруалар сұйық тыңайтқыштарды бүгінде өздері өндіретін болған.

«Екі жыл бұрын облыста 500 тонна карбамитті-аммиак қоспасын шығаратын бір ғана шағын зауыт болды. Бүгінде алты шаруашылық негізінде 10 мың тонна тыңайтқыш өндіріледі. Яғни екі жылдың ішінде өндіріс 20 есе артты. Мұның пайдасы өте зор. Өзімізде шығарылған бір тонна тыңайтқыш 58 мың теңге тұрса, оның нарықтағы бағасы – 140 мың теңге», - дейді Құмар Ақсақалов.

Еске сала кетсек, СҚО-да күздік дақыл орағының аяқталып келеді. Шаруалардың әр гектардан орта есеппен 30 центнерге жуық өнім алып жатыр.


Жоғары қарай