Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -3 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да биыл тұмауға қарсы вакцинация екі апта ерте басталды

2020 жылдың 15 қыркүйек 2020 23:52

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бүгін тұмауға қарсы вакцинация басталды. Осы мақсатта 52 млн теңгеге ресейлік арнайы препарат сатып алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде маусымдық тұмауға қарсы екпе екі аптаға ерте, яғни бүгіннен басталды. Бұл ауруға қарсы иммунитетті уақытында қалыптастыруға мүмкіндік бермек.

Мамандардың айтуынша, былтыр эпидемиологиялық маусымда облыста тұмаудың 434 жағдайы тіркелді. Оның 68,4% - А типті тұмау.

«Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы халықтың 10%-на тұмауға қарсы екпе жасауға кеңес береді. СҚО-да бұл көрсеткіш - 10,7%. Бүгінге дейін ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың 293 данасы алынды. Оған 52 млн теңге жұмсалды», - дейді СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова.

Екпе өз нәтижесін 8-12 күннен кейін беріп, әсері бір жылға дейін сақталады. Вакцинаны 6 айлық балаға да қоюға болады. Алайда екпені ауырған кезде, созылмалы аурулар асқынған уақытта қоюға болмайды. Сонай-ақ тауық ақуызына аллергиясы бар адамдарға да қарсы көрсетім бар.

«Өңірде 8 мыңнан астам медициналық қызметкер, емдеу мекемелерінде тіркеуде тұрған 4 мыңнан астам бала, жиі ауыратын, алты айдан асқан 5 мыңнан астам бала, балалар үйлерінің, жетім және ата-ана қарауынсыз қалған балаларға арналған мекеме тәрбиеленушілері, медициналық-әлеуметтік мекеме қызметін алатындар, екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары барлар тегін вакцинациядан өтеді. Бұдан басқа эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша 18,5 мыңға жуық адамға да екпе тегін жасалады», - дейді Татьяна Горлова.


Жоғары қарай