Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да биыл сүт безінің қатерлі ісігінен 46 әйел қайтыс болды

2021 жылдың 14 қазан 2021 20:30

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы қатерлі ісік аурулары бойынша елімізде алдыңғы орындарда келеді. Биыл дәрігерлер сүт безінің қатерлі ісігі бар 151 әйелге ота жасады. Ал 46-сының өміріне араша түсе алмады.

ҚазАқпарат тілшісіне онколог-дәрігер Ирина Астанина қатерлі аурудың алдын алу жолдары жайында айтып берді.

- Ирина Юрьевна, сүт безі рагы әйелдер арасында өте кең тараған онкологиялық ауру. Қауіп тобында кімдер бар ?

- Сүт безінің қатерлі ісігімен ауырғандар саны жылдан-жылға артып келеді. Қазақстанда ол онкологиялық аурулар ішінде екінші тұр. Обырдың бұл түрін ерте кезеңде анықтаған жағдайда емдеуге болады. Алайда ол бастапқыда еш белгі бермеуі мүмкін. Сондықтан көптеген әйелдер медициналық көмекке дер кезінде жүгінбейді. Бірақ, анасында немесе әжесі мен апасының біреуінде сүт безі обыры болған жағдайда әйел дәрігерге жиі көрініп отыруға міндетті. Сондай-ақ қауіп тобына тұқым қуалаушылықтан бөлек, етеккірі 12 жасқа дейін ерте келіп, 55 жастан кейін кеш тоқтаған әйелдер, бірінші баланы 35 жастан кейін кеш босанған келіншектер, босанудан кейін мастит болған әйелдер, 40 жастан асқан әйелдер жатады. Обырға жыныстық қатынастың тұрақсыздығы, сүт безінің жарақаты, семіздік, қалқанша без жұмысының бұзылуы, темекі шегу, спирттік ішімдіктер ішу секілді жаман әдеттердің болуы, күйзеліс жағдайлары, бірнеше рет түсік жасату әкелуі мүмкін. Дәрігерге көрініп, ауруды ерте анықтау – қорғанудың ең тиімді жолы.




- Сүт безі қатерлі ісігінің қандай да бір белгілері бар ма, неге баса назар аудару қажет ?

- Әр әйел өзін-өзі тексеруді дағдыға айналдыру керек. Етеккір келгеннен кейін 5-7 күндері, ал етеккірі тоқтаған әйелдер әр айдың белгілі бір күні сүт безін зерттеуі керек. Бұл ондағы өзгерісті дер кезінде байқауға мүмкіндік береді. Қандай өзгеріс болуы мүмкін? Алдымен сүт безінің пішіні мен көлемі өзгереді. Бір немесе бірнеше түйіннің пайда болуы, ол қолмен ұстаған кезде ауырмауы мүмкін. Омырауды жара басуы, ішке тартылуы, қан ағуы болады. Тері «лимон қабығы» секілді өзгеріп, қызаруы, жарылуы мүмкін. Қолтық астында түйін пайда болып, қол ісінеді, қан тамырлары ұлғаяды. Егер де өз-өзіңізді тексеру кезінде осы белгілердің біреуі болған жағдайда шұғыл дәрігерге қаралу қажет. Ол тұрғылықты жер бойынша маммолог, гинеколог немесе онколог болуы мүмкін. Қазіргі уақытта бұл мамандар әр емханада бар. Сүт безінің өзгерісі анықталған жағдайда арнайы тексерістен өту қажет. Оны дәрігер әр адамның ерекшеліктерін ескере отырып, денсаулығына, жасына, етеккірінің өзгешеліктеріне байланысты тағайындайды.

- Өңірде сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтауға жағдай жасалған ба ?

- Әрине, облыста маммографиялық үш жылжымалы кешен бар. Оның біреуі онкологиялық орталықта, екеуі – Тайынша және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарда жұмыс істейді. Бұдан басқа 11 стационарлық маммографтар бар. Ультрадыбыстық зерттеуді тұрғылықты жер бойынша емханада, сондай-ақ онкологиялық орталықта жасауға болады.

2008 жылдан бастап Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігіне скрининг енгізілген. Бұл обырды ерте кезеңінде анықтау мақсатында жүргізіледі. Тексерілетін мақсатты топқа туған жылына қарай 50, 52, 54, 56, 58, 60 жастағы әйелдер кіреді. Алайда врач-маммологте диспансерлік есепте тұрғандарға және ауыр қосалқы аурулары барларға мұның қатысы жоқ.

- Облыста биыл қанша әйелде сүт безі рагы анықталды ?

- Биылғы тоғыз айдың ішінде 146 әйелге осындай диагноз қойылды. Салыстыру үшін айтатын болсақ, былтыр осы кезеңде 151 адамнан обыр анықталған. Жалпы 2020 жылы 238 әйелде сүт безінің қатерлі ісігі табылды. Қолдан келгенше емдеуге тырысамыз. Мәселен биыл 151 әйелге ота жасалды. Өкінішке қарай 46 әйелдің өміріне араша түсе алмадық.

- Мүмкіндікті пайдаланып, әйелдерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз ?

- Ауруды емдегенше, ауырмайтын жол ізде деп бекерге айтпайды ғой. Саламатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, салмақты қадағалау – көптеген дерттің алдын алады. Денсаулық – басты байлық. Денсаулықтарыңызға қараңыздар, профилактикалық тексерулерді қалдырмаңыздар, скринингтерден міндетті түрде өтіңіздер! Күйзеліс тудыратын жағдайлардан мүмкіндігінше алшақ болып, ай сайын сүт бездерін өздігіңізден тексеріп отырыңыздар, ал қандай да бір өзгеріс болған жағдайда «алтын» уақытты өткізбей бірден дәрігерге қаралуға кеңес беремін.

- Рахмет!


Жоғары қарай