Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да биыл мемлекеттің 420 млн теңгесін қалтасына басқан 8 шенеунік сотталды

2021 жылдың 20 қазан 2021 18:16

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 74 қылмысты тіркесе, соның 66-сы - сыбайлас жемқорлық фактілері, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 9 айдың қорытындысы бойынша брифинг өткізді. ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, биыл мемлекеттік органдардың 8 басшысының арам ісі әшкере болды.

Оның екеуі - облыстық, қалғаны - қалалық-аудандық деңгейдегі лауазымды тұлғалар.

Экс-шенеуніктер мемлекетке 420 млн теңге шамасында шығын келтірген, соның 415,7 млн теңгесін өтелді.

«Биыл сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін 18 адам сотталды. Оның бесеуі бас бостандығынан айырылды, біреуінің бас бостандығы шектелді, қалғандары айыппұл төледі. Сотталғандардың бірі – СҚО әкімі аппаратының шаруашылық басқармасының басшысы Жұмабаев. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды, ал оның орынбасары 3 жыл 6 айға сотталды. Жұмабаев пен Сағдеев жылу жүйесін жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алудың жалған шарттарын жасау жолымен 5 млн.теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелді. Сондай-ақ Жұмабаев 3 кәсіпкерлік субъектісінен мемлекеттік сатып алу шарттарын кедергісіз жасағаны үшін 1 млн теңге пара алған», - дейді Нұрлан Жахин.

Қол астындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін 33 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Соның ішінде 4-уі – ескерту, 7-уі – сөгіс, 10-ы – қатаң сөгіс, 4-уі - қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту алды, 2-уінің лауазымы төмендетілсе, 4-уі жұмыстан босатылды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жұмыстың пәрменді тетіктерінің бірі - сыбайлас жемқорлық жайында хабарлағандарды көтермелеу. Қазақстанда азаматтарды көтермелеудің жаңа сараланған жүйесі енгізілді. Бұрын бұл қылмыс санатына байланысты жүзеге асырылған. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адам пара немесе залал сомасына қарай осы соманың 10 %-на ие болады. Бұл ретте ең жоғары сыйақы 4 000 АЕК мөлшерінде, яғни 11,6 млн теңгені құрауы мүмкін. Осылайша, департамент сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін 5 адамға жалпы сомасы 1 020 950 теңге сыйақы төледі», - дейді Нұрлан Жахин.


Жоғары қарай