Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да биыл ауыл шаруашылығы техникасы құрастырыла бастайды

2021 жылдың 20 сәуір 2021 22:11

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биылдан бастап немістің «CLAAS» компаниясының ауыл шаруашылығы техникасы құрастырыла бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында «CLAAS» компаниясының жоба үйлестірушісі Вальдемар Прибпен бірге бірлескен жобаның жүзеге асу барысын тексергенін жазды.

«CLAAS» концерні ауылшаруашылығы техникасын шығару бойынша әлемдегі көшбасшы компания. Компанияның бүкіл әлем бойынша 7 зауыты бар: Германия, Франция, АҚШ, Қытай, Ресей, Венгрия және Өзбекстанда. Сегізінші зауыт Қазақстанда, атап айтқанда Солтүстік Қазақстан облысында ашылады. Бұл неміс әріптестерімен ұзақ, бірақ сәтті келіссөздердің нәтижесі», - деді өңір басшысы.

Қазір Петропавлда жаңа кәсіпорынға арналған ғимарат қайта қалпына келтіріліп жатыр. «CLAAS» компаниясының жоба үйлестірушісі Вальдемар Приб бір апта бойы жобалаушылар мен құрылысшылардың жұмысын үйлестіріп, өз ұсыныстарын енгізді.

«Барлық құрылыс және жөндеу жұмыстары маусым айында аяқталады. 100-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады. Неміс концерні мамандарды таңдау және дайындаумен де айналысып жатыр.

Бұл біздің аймақ және бүкіл ел үшін өте маңызды жоба. Өңірде жоғары табысты әлемдік деңгейдегі өндіріс ашылады, ал біздің шаруалар «CLAAS» комбайндары мен тракторларын, «Horsch» тұқым себу кешендерін 50 %-ға дейінгі жеңілдетілген бағамен сатып ала алады», - дейді Құмар Ақсақалов.

Кәсіпорын екі айдан кейін іске қосылмақ. Жоспар жүзеге асқан жағдайда, биыл жыл соңына дейін жаңа зауытта 100-ге жуық комбайын құрастырылмақ.


Жоғары қарай