Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да «Бастау Бизнес» жобасына тұрғындардан өтінімдер қабылданып жатыр

2021 жылдың 13 сәуір 2021 14:05

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлік негіздерін тегін меңгертіп, кәсіп бастауға мүмкіндік беретін «Бастау-Бизнес» жобасына өтінімдер қабылданып жатыр. Курстар 26 сәуірден бастап онлайн өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпкерлік негіздерін үйрететін «Бастау Бизнес» жобасына жұмыссыз жүрген адамдар қатыса алады.

«26 сәуірден бастап мемлекеттік бағдарлама аясында тегін курстар бастау алады. Оған қала, облыс тұрғындары, жұмыссыздар, мүгедектер, елуден асып, зейнет жасына жақындағандар, жастар, тұрмысы төмен немесе көп балалы отбасылардың өкілдері, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің зейнет жасына жетпеген өкілдері және қоныс аударушылар мен қандастарымыз қатыса алады. Оқу онлайн өтеді. 21 күнге шақталған. Оқу бітіргендерге сертификат беріледі», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің сарапшысы Әсел Самаратова.

Жобаға қатысушылар жұмыспен қамту орталығына өтініш жазып, жеке куәлігінің көшірмесін ұсынуы керек. Орталық мамандары тексере келе, мақсатты топқа сәйкес келіп жатса, білім алуға жолдама береді.

«Жолдаманы алғаннан кейін курсқа қатысушы кәсіпкерлер палатасының жақын жердегі филиалына келіп кеңес алуы қажет. Ол жерде электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы atameken.co сайтында тіркеледі», - дейді Әсел Самаратова.

Былтыр СҚО-да «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы 938 адам оқып шығып, 744-і қаржылай қолдауға ие болды. Курстан өткен 167 жас кәсіпкер жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Бұл 481,2 млн теңгенің 152 жобасы. Олар Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы қаржыландырылды. Тағы 15 жобаға Аграрлық кредиттік корпорация арқылы 42,5 млн теңге берілді. Ал 577 адам өз ісін ашу үшін грант алды. Жалпы былтыр грант алғандардың саны 1,5 мыңға жуық. Олардың ішінде алдыңғы жылға курс түлектері де бар.


Жоғары қарай