Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы 4 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің құқығы қорғалды

2019 жылдың 26 қазан 2019 19:27

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданында бөгет заңсыз салынып, бұл құрылыс жергілікті кәсіпкерге балық шаруашылығымен айналысуға кедергі келтірген. Облыстық кәсіпкерлер палатасы араласып, мәселе оң шешілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кәспкерлік құқығына нұқсан келгендігі жөнінде оларға «Водолей 2017» ЖШС-нің жетекшісі Азамат Самаратов арызданған. Кәсіпкер М.Жұмабаев ауданындағы Камышлово көлін бірнеше жылдан бері жалға алып, балық өсірумен айналысады. Алайда 2017 жылы Камышлово мен Половинное көлдерінің арасында рұқсатсыз бөгеттің құрылысы басталған.




«Бұл екі су қоймасы да бір жыра-сайдың бойында орналасқан. Арасы бөгетпен жабылғандықтан Камышлово көлі суының тартылып қалу қаупі туды. Сондай-ақ көктемде қар ерігенде бөгет судың жолын бөгеп, жақын маңдағы елді мекендерді су басуы мүмкін. Бұл туралы аудан әкімдігі мен басқа уәкілетті органдарға маусым айында белгілі болғанымен, еш шара қолданылмаған», - дейді кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бөлімінің бастығы Айдос Кеңбейілов.

Аудан әкімдігі тамыз айында бөгетті алып тастауға уәде бергенімен қазан айына дейін жұмыстар басталмаған. «Егер мәселе шешілмесе, қыста судың аздығынан балықтар қырылады», - дейді Азамат Самаратов.

Рұқсатсыз салынған бөгет жайы облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында қаралды. Барлық тарап сөз алды.

«Экологиялық заңнамаға сай кез-келген нысан, соның ішінде гидротехникалық құрылыстар мемлекеттік-экологиялық сараптамадан өтуі тиіс. Оның қоршаған ортаға - атмосфераға, жерге, жерасты суларына, жануарлар әлеміне әсері ескеріледі. Ал бұл бөгет бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген жоқ. Мұндай құрылыстар анықталған жағдайда жергілікті атқарушы орган оны өз балансына алып, қызмет көрсетуі керек», - дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Ерлан Тәшімов.




Алайда әкімдік еш бақылаусыз салынған бөгетті алғысы жоқ. Бөгетпен негізінен шаруалар өздерінің алқаптарына қысқа жолмен жету үшін жүреді екен. Сол себепті құрылысты бұзбай, екі көлді құбыр арқылы байланыстыруға шешім қабылданды. Бұған оқиға орнына барып, жағдаймен танысқан СҚО Төтенше жағдайлар департаменті басшылығы да қарсы болмады.

«Мәселені маусым айынан бастап айтып келемін. Бірақ тыңдар құлақ болмады. Қазан айының басында облыстың кәсіпкерлер палатасына арыздандым. Екі күннен кейін мәселе кеңесте қаралды. Бірер күннен кейін бөгетте тиісті жұмыстар басталып кетті. Қазір көлге су құбарлар арқылы келіп жатыр. Мәселе толығымен шешілді», - дейді кәсіпкер Азамат Самаратов.




Жоғары қарай