Ауа райы
Астана -23 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да балық аулаудың қызығына түскен ер адам адасып кетті

2020 жылдың 26 қараша 2020 15:26

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында балық аулап жүріп, адасып кеткен ер адамды құтқарушылар екінші күні тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 51 жастағы тұрғыны 25 қараша күні таңғы сағат 10.00 шамасында балық аулауға шыққан. Көлігімен Прибрежное елдімекені маңына дейін келіп, сол жерден жаяу Есіл өзеніне балық аулауға түскен. Кешкі сағат 18.00 шамасында қармағын жинап, үйге қайтпақ болады. Алайда балық аулаудың қызығына түсіп, алыстап кетіпті. Бағдардан айрылып, 12-15 шақырымдай жүреді. Бірақ өздігінен қайтар жолды таппаған ол 26 қараша күні түнгі сағат 1.30 шамасында 112 нөміріне хабарласып, көмек сұрайды.

Адасқан балықшы жайында хабар Қызылжар ауданының төтенше жағдайлар бойынша бөліміне, полиция қызметкерлеріне және жергілікті атқарушы органға жеткізілді. Бірден іздеу-құтқару тобы құрылып, құтқарушылар мен полицейлер екі «Нива» көлігімен оқиға орнына аттанды. Оларға жол көрсетуге қорықшы көмектесті. Мамандар балықшымен байланыс орнатып, Қарғалы аралын, «Пороховое» көлінің маңын шолып шықты.

Жоғалған ер адам тек таңға жақын, шамамен сағат 5.00 шамасында Бәйтерек ауылына 2 км жетпей, Есіл өзенінің маңында табылды. Аман-есен табылған ер адам құтқарушыларына алғысын жаудырып, медициналық көмектен бас тартты.


Жоғары қарай