Ауа райы
Астана -4 °С
Алматы -13 °С
валюта бағамы
USD 376.51
EUR 418.91
RUB 6.13
CNY 54.90

СҚО-да әскерге алынғандар борышын Семей мен Нұр-Сұлтанда өтейді

2019 жылдың 26 қазан 2019 06:10

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысынан 33 жігіт Отан алдындағы борыштарын өтеу үшін әскер қатарына алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Қорғаныс істері департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, олардың 30-ы Семей қаласына аттанды. Болашақ сарбаздар артиллериялық әскери бөлімінде жауынгерлік даярлықтан өтеді. Тағы үшеуі Нұр-Сұлтан қаласындағы Мемлекеттік күзет қызметінің «Айбын» президенттік полкіне жіберілді.

Болашақ сарбаздарды ата-аналары мен туған-туыстары шығарып салды. Сәт сапар тілеп келгендердің арасында Шал ақын ауданы, Балуан ауылының тумасы 80-нен асқан Күләш әже де бар. Оның екі немересі - Қайсар Өмірзақ пен Саят Қажығалиев Қарулы күштер қатарына алынды.

Әскерге шақырылушыларды алып кетуге артиллериялық әскери бөлімнің өкілі, подполковник Дулат Ахметханов келіп, ата-аналармен жүздесті, кішігірім жиналыс өткізді.

«Отан алдындағы борышты өтеу – әр ер азамат үшін абыройлы іс. Елін, жерін қорғауға жауынгерлерді дайындау біздің басты бағыттарымыздың бірі. Сіздердің ұлдарыңызды әскерде жауынгерлік дайындықтан өткізіп, ержүрек, болашақтан мол үміт күттіретін нағыз ер азамат етіп шығарамыз. Бір сөзбен айтқанда «Армия» деген үлкен өмір мектебінен өтеді», - деген Дулат Ахметханов, ата-аналарға қазіргі заманауи әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі және күн тәртібі туралы айтты, олардың қойған сұрақтарына жауап берді.

Бұған дейін 21 сарбаз Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында орналасқан ҰҚК Шекара қызметіне алынды.

СҚО-да күзгі мерзімді әскерге шақыру желтоқсан айына дейін жалғасады. Өңірден 500 адам Қарулы күштер қатарын толықтырмақшы.

Жоғары қарай