Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да ақша беріледі деген жалған хабарлама WhatsApp желісі арқылы тарап жатыр

2021 жылдың 25 қараша 2021 15:36

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері интернет-алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғандығын айтып, халықты ескертіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық полиция басқармасына Петропавл тұрғыны арызданып, WhatsApp мессенджерімен күдікті хабарлама алғандығын айтқан. Хабарламада «Halyk Bank» өзінің 98 жылдығына орай акция ұйымдастырып жатқандығы айтылған. Банк әр қазақстандыққа 50 мың теңге бермек-мыс. Ал, ақшаны алу үшін ұсынылған сілтемеге өту керек.




«Бұл сілтеме сауалнамасы бар веб-параққа апарады. Ол адамның дербес деректерін білуге негізделген. Ал құпия мәліметтерді жариялау арқылы біреулерге өз қаржыңызға жол ашасыз. Банк өкілдері акция туралы ақпаратты жоққа шығарды. Мұндай хабарламалар әлеуметтік желілерде соңғы кезде жиі кездеседі. Соның бірінде Covid-19 пандемиясына байланысты көмек ретінде 50 мың теңге берілетіндігі айтылады. Бұл да алаяқтардың ойлап тапқаны», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының бірінші бөлім бастығы Тілеген Әлжанов.




Полицейлердің айтуынша, алаяқтар фишингтік сілтемелерді де жиі қолданады. Олар өте қауіпті. Сілтемемен өту арқылы компьютерді немесе мобильді құрылғыдағы банкингті қашықтан басқаруға болатын вирусты жұқтыруға болады. Тәртіп сақшылары тез пайда әкелетін уәделерге сенбеуді, күдікті сілтемелерге өтпеуді және олармен ешкімге хабарлама жібермеуді сұрайды.


Жоғары қарай