Ауа райы
Астана 5 °С
Алматы 8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да адасып кеткен 5 жасар бала үйінен 10 шақырым жерден табылды

2020 жылдың 30 шілде 2020 18:31

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында балалармен ойнауға кеткен 5 жасар бала адасып кетіп, үйінен 10 шақырымдай жерден аман табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кешкі сағат 20.00 шамасында тракторымен үйіне қайтып келе жатқан Қызылжар ауданы Знаменское ауылының тұрғыны Андрей Мехов дала жолында жүрген балақайды байқайды.

«Бүлдіршін қатты қорқып қалған екен. Қайдан келе жатқанын, қайда тұратынын – ештеңе айтып түсіндіре алмады. Тек есімін ғана айтты. Тракторға отырғызып, үйге әкелдім. Мән-жайды айтып, учаскелік полиция инспекторына хабар бердім», - дейді ауыл тұрғыны.

Полиция капитаны Серік Жолтанов табылған бала туралы ақпаратты жақын маңдағы ауылдарға жолдайды. Әңгіме барысында бала анасының есімін атап, бұл полицейлерге оның жақындарын анықтауға көмектесті.

Баланың Аққайың ауданы Тоқшын ауылында тұратыны анықталды. Қараңғы түсе бастаған кезде алаңдаған анасы ұлын іздеуге шыққан. Алайда, ұзақ іздеуге тура келген жоқ, учаскелік инспектор оған қуанышты хабарды жеткізді.

«Бүлдіршін күндіз балалармен ойнауға кеткен. Балалардың бірімен далаға барып, оған ілесе алмай қалып қойған. Адасып кеткен балақай жүре берген. Ол тұрғылықты мекенжайынан 10 шақырымдай жерден табылып, анасына аман-есен табыс етілді. Баланың әке-шешесімен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Қазір жазда балалар үлкендердің қарауынсыз көп уақытын далада өткізеді. Ата-аналардан өз балаларын назардан тыс қалдырмауды сұраймыз», – дейді Қызылжар ауданы ПБ бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Мұхамадиев.


Жоғары қарай