Ауа райы
Астана 25 °С
Алматы 27 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

СҚО-да адам қағып өлтірген жүргізуші 3 күннен бері іздестірілуде

2020 жылдың 10 маусым 2020 21:40

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері 18 жастағы жігітті көлігімен қағып, мерт қылған жүргізушіні үш күннен бері іздестіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол апаты 7 маусым күні М.Жұмабаев ауданы Полудино елді мекенінің маңында түнде болды.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Полудино елді мекенінің 2002 жылы туған тұрғыны сол түні жол бойындағы дәмханадан шыққан. Көлік қаққан оны өтіп бара жатқан жүргізушілердің бірі жол шетінен тауып алған. Жас жігіт алған жарақаттардан аудандық орталық ауруханада көз жұмды.

Бұл дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бірнеше тиісті сараптама тағайындалды. Қылмысты ашу мақсатында облыс орталығынан келген криминалистер жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ Жергілікті полиция қызметі басқармасының іздеу тобы, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері толық құрамда жұмылдырылған. Жедел іс-шаралар аясында көлік иелері тексеріліп, бейнекамералардың жазбалары зерделеніп жатыр. Куәгерлерді анықтау мақсатында да жұмыстар қолға алынған.

«Қазір бізге жол апатына кінәліні анықтауға көмектесетін кез келген ақпарат құнды. Егер ауыл немесе жақын маңдағы елді мекен тұрғындары немесе сол түні жол жүрген көлік жүргізушілері қандай да бір мәліметті білсе, бізге хабарласуды сұраймыз. М.Жұмабаев аудандық полиция бөліміне - 50 03 99 нөмірі арқылы, СҚО ПД Жергілікті полиция қызметінің кезекші бөліміне - 61 25 01 және менің 39 40 16 - жұмыс нөміріме хабарласа алады», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Қылмыстың ашылуын СҚО ПД және облыстық прокуратура басшылығы бақылауға алған.


Жоғары қарай