Ауа райы
Астана 1 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

СҚО-да 9 волонтер археологиялық қазба жұмыстарына қатысты

2020 жылдың 15 қыркүйек 2020 14:58

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызыл оба» қонысында республиканың бірнеше өңірінен келген 9 волонтер қазба жұмыстарына көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да археологиялық қазба жұмыстарына алғаш рет волонтерлер тартылып, олар қыркүйек айының басында Уәлиханов ауданындағы «Қызыл оба» қонысына аттанды. Нұр-Сұлтан, Өскемен, Павлодар қалаларының және Ақмола облысынан келген жастар негізінен жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары.

«Бір қызығы, қазба жұмыстарына қатысқан жастардың болашақ мамандығының археологияға, тарихқа қатысы жоқ. Олар негізінен менеджерлер, энергетиктер, экономистер мен журналистер. Жалпы, кез келген адам волонтер бола алады. Бүгінде республика бойынша бірнеше бағытты қамтыған волонтерлік қозғалыс бар», - дейді СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығының директоры Рахат Мәмбеталинов.





Республикалық волонтерлік қозғалыстың тарихи-мәдени мұраны сақтауға қатысты бағыты «Asyl мura» деп аталады. Оның аясында волонтерлер археологиялық қазба жұмыстарына тартылады. Ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, гид-экскурсия жетекшісі бола алады.





«Биыл пандемияға байланысты экскурсия жүргізушілерге қажеттілік болған жоқ. СҚО-да біздің салаға алғаш рет волонтерлерді тартқандықтан, оларды археологиялық зерттеулерге бағыттадық. Ал реставрациялық жұмыстарға құрылысшылардың, археологтардың қатысқаны дұрыс деген пікірді ұстандық. Бұл ресурсты биыл алғаш рет пайдаланғандықтан тек «Қызыл оба» қонысына ғана волонтерлерді тарттық. Олар барлық тапсырмаларды ынтамен орындады. Жастар бізге бір аптаға ғана келсе, олардың біреуі – бойжеткен әрі қарай жұмыс істеуге қалды. Ол «Қызыл обада» қазба жұмыстары біткенше, әлі 10 күндей болмақ», - дейді Рахат Мәмбеталинов.





Орталық директорының айтуынша, «Қызыл обадағы» қазба жұмыстарына қатысатын волонтерлерді республикалық «Asyl мura» волонтерлік ұйымы іріктеді. Олар байланысқа шығып, археологиялық зерттеулердің қайда жүргізілетінін анықтап, өтетін уақытын білген.

«Біз тек қазба жұмыстарына келушілердің физикалық жағынан сау және жұқпалы, созылмалы аурулармен ауырмағанын талап еттік. Өйткені біз өркениеттің иісі жоқ айдалада жұмыс істедік. Жастар ең алдымен белгілі бір, үйреншікті жайлы аймақтан шығып, тәжірибе жинады, жаңа әсер, білім алды. Достар тауып, жаңа адамдармен араласты. Өздерінің қабілеттерін білуге жақсы мүмкіндік. Бір қызығы, жаңа жағдайға жігіттерге қарағанда қыздар тез бейімделді. Қазба жұмыстарына келуге өтініш берген волонтерлердің арасында да бойжеткендер көп болды.

Ең қиыны – ол жерде біз үйренген қарапайым жағдайдың болмауы, яғни ұялы байланыстың, интернеттің жоқтығы. Бастапқы екі күндей жастар оған үйрене алмай жүрді. Интернет ұстау үшін әр төбенің басына бір жүгіргендері енді қызық-ақ. Біз облыс орталығынан 650 шақырымдай жерде болдық. Ең жақын ауылмен арақашықтық 10 км», - дейді орталық директоры.

Келер жылы СҚО-да волонтерлерді көптеп тартпақ. Жоспар бойынша, «Қызыл обадан» басқа Айыртау ауданындағы «Ботай» қонысында, Қызылжар ауданы Долматово елдімекені маңындағы «Ақ ирий» қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі. Бұдан басқа ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарына тартуға болатын волонтелер іріктелмек.


Жоғары қарай