Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

СҚО-да 40 шақты адам мәжбүрлі түрде маскүнемдік пен нашақорлықтан емделуге жіберілді

2022 жылдың 13 мамыр 2022 23:56

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жыл басынан 36 адамды орталыққа маскүнемдік пен нашақорлықтан емделуге мәжбүрлеп орналастырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 адамға көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 35 жастағы тұрғыны араққа тойып алып, анасының берекесін алған. Әйел баласының қылығына шыдамай бірнеше рет үйінен кетуге мәжбүр болған. Ер адам маскүнем ғана емес, есірткіге де әуес екен. Бірнеше рет ұрлық жасап, жауапкершілікке де тартылған. Шыдамның да шегі бар. Әйел үйдегі заттар жоғала бастағанда ғана полицияға жүгініп, көмек сұрады. Ер адам тиісті құжаттарды жинауға тартыншақтанғанымен, учаскелік полиция инспекторы оны медициналық комиссиядан өткізіп, барлық жосықтарды жасады. Енді отбасының шырқын бұзушы алдағы жарты жыл бойы наркологиялық диспансерде мәжбүрлі түрде емделеді.

«Алкоголь және есірткіге тәуелділіктен зардап шегетін адамдарды емдеуге жіберу арқылы көптеген қылмыстың алдын алуға болады. Оның ішінде ең көп тараған түрі — бөтеннің мүлкін ұрлау, тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бұл қылмыстарға қарсы күресті ҚР Президенті Қазақстан халқына Жолдауында басымдықтардың бірі ретінде белгіледі. Маскүнем, нашақор адамдардың туыстарына мәжбүрлеп емдеуді кейінге қалдырмауды сұраймыз. Тәжірибе көрсеткендей, тәуелді адамдардың көпшілігі тәуелділіктен өз бетінше құтыла алмайды. Ерте ме, кеш пе алкоголь мен есірткі адамды қылмыстық құқық бұзушылыққа итермелейді», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.

Жыл басынан бері Петропавлда полиция қызметкерлері 36 адамды мәжбүрлі түрде емдеуге жіберді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11 адамға көп.



Жоғары қарай