Ауа райы
Астана 18 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

СҚО-да 4 адамды көлік қағып кетті

2020 жылдың 21 мамыр 2020 17:26

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл жолдарында адамды көлік қағудың бір күнде екі оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 20 мамыр күні Чайковский көшесінде «Toyota» көлігінің 30 жастағы жүргізушісі Жамбыл көшесіне бұрылып жатып, үш жаяу жүргіншіге жол бермеген. Салдарынан бағдаршамның жасыл түсіне өтіп бара жатқан үш адам – екі әйел мен 3 жасар қызды соққан.

Зардап шеккендер емдеу мекемелеріне жеткізілді. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама белгіленді. Оның нәтижесі бойынша жиналған материал сотқа жіберілмек. «Toyota» жүргізушісі – Петропавл қаласының тұрғыны жол апатын жасағаны үшін сәуір айында ғана алты айға көлік басқару құқығынан айырылған екен.

Сол күні осы көшеде тағы бір оқиға болды. Сағат 11.00 шамасында «Daimler» автокөлігінің жүргізушісі Астана көшесіне бұрылу барысында Петропавл қаласының 23 жастағы тұрғынын қағып кетті. Зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек алғаннан кейін үйіне жіберілді. Көлік иесіне хаттама толтырылды.

«Медициналық куәландыру қорытындысы екі жүргізушінің де мас болмағанын көрсетті. Асығу, алаңғасарлық, тәжірибенің аздығы – көлік апатына әкеліп жатады. Әрине адами факторды да ұмытпау керек. Жүргізушілер мен жүргіншілерді жолда жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Жаз келісімен көлік ағыны көбейді, жолға мотоцикл жүргізушілері, велосипедшілер мен самокат тепкендер шықты. Жақында балалардың демалысы басталады, көшеде балалар көбейеді. Сол себепті көлік жүргізушілерге асқан қырағылық таныту қажет», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.


Жоғары қарай