Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

СҚО-да 31 сотталған пробация қызметінің талаптарын бұзғаны үшін бостандығынан айырылды

2022 жылдың 15 мамыр 2022 05:18

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында пробация қызметі есепке алынған 25 жасқа дейінгі жігіттерге тергеу изоляторына экскурсия ұйымдастырды. Өйткені тиісті талаптарды орындамағаны үшін тек биыл 31 сотталған түрмеге отырғызылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің ЕС-164/1 мекемесіне, яғни тергеу изоляторына Петропавл қаласының пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарға экскурсия ұйымдастырылды. Жігіттердің жасы – 20-25 аралығында. Олар мекеменің күн тәртібімен, сондай-ақ тұру шарттарымен танысты.

«Бұл жігіттер бұрын бас бостандығынан айыру орындарында болмаған. Экскурсияның мақсаты – оларға талапты орындамаған жағдайда қайда келетіндерін көрсетіп, түсіндіру. Мұндай тәжірибені алғаш рет қолданып отырмыз. Бүгін 10 адамды алып келдік. Болашақта тоқсан сайын осындай іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз», - дейді Петропавл қалалық пробация қызметі бөлімінің бастығы Азамат Мәкенов.

Есімін атағысы келмеген жігітке жазасын өтеп болуға 3 ай қалған екен. Оның «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша 3 жыл 2 айға бас бостандығы шектелген.

«Бүгін мен тергеу изоляторын ішінен бірінші рет көрдім. Қорқынышты болды. Мен апта сайын белгіленуге барғанда, инспекторлар менімен профилактикалық әңгіме өткізеді. Бірақ, бүгін мен аспанды тор арқылы өз көзіммен көрдім. Бойымды қорқыныш сезімі биледі. Мен мұнда түскім келмейді. Енді заңды бұзбауға тырысамын», - дейді сотталған.

СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы 4 айдың ішінде 31 сотталушы талаптарды бұзғаны үшін бас бостандығынан айырылды. Былтыр осы себеппен пробация қызметінің есебінде тұрған 142 адамның жазасы қатаңдатылған.

«Пробация қызметіне бас бостандығынан айырылмаған сотталғандар есепке алынады. Олар қоғамдық жұмысқа тартылғандар, бас бостадығы шектелгендер, шартты түрде жазасын өтеушілер, жазасын кейін өтейтіндер немесе белгілі бір қызметтің түрімен айналысуға тыйым салынғандар. Олардың әрқайсысы заңмен көрсетілген белгілі бір талаптарды орындаулары қажет. Алайда жазасын өтеушілердің кейбірі соттың және пробация қызметінің талаптарын орындағысы келмейді. Кейбірі тіпті тығылып, қашпақ болады. Мұндайда сотталғандардың жазасы қатаңдатылып, бас бостандығынан айырылады», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.



Жоғары қарай