Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

СҚО-да 16 білім беру ұйымының 14-і мемлекеттік аттестациядан өте алмады

2022 жылдың 12 мамыр 2022 12:06

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басталғалы 16 білім беру ұйымында мемлекеттік аттестаттау жүргізілді. Мектепке дейінгі 5 мекеменің 4-уі және 11 орта мектептің 10-ы талапқа сай еместігі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті баспасөз мәслихатын өткізді. Білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің бас маманы Күлзағира Нұртаеваның айтуынша, биыл 86 оқу орнында мемлекеттік аттестаттау өткізу жоспарланған. Соның 10-ы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымы, 66-ы бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымы, 10-ы техникалық және кәсіптік білім беру колледждері.

Биылғы бірінші тоқсанда 16 білім беру ұйымында мемлекеттік аттестаттау жүргізілді, алайда нәтижесі көңіл көншітпейді. Мәселен 11 мектептің тек біреуі ғана талапқа сай болып шыққан. Кейін тағы төртеуіне «аттестациядан өтті» деген шешім шығарылды.

«Бұл ұйымдар мемлекеттік стандарт бойынша жұмыс істеулері қажет. Ең жиі кездесетін қателіктер: оқу кестесінің жұмыс және үлгілік оқу жоспарларына сәйкес келмеуі, мектепке дейінгі ұйымдардағы апталық оқу жүктемесі көлемінің мемлекеттік білім беру стандартының білім беру мен оқыту тіліне қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі, оқушылардың дамуын бақылауда талаптардың орындалмауы, оқу сабақтарының кестесіндегі, оның ішінде Kundelik электронды журналындағы пәндердің атаулары мен типтік оқу жоспарындағы олардың атауларының сәйкес келмеуі және тағы басқалары.

Бұдан басқа бейнебақылау жүйелерінің бейнетүсірілімдерін Жедел басқару орталығына немесе аумақтық полиция органдарының кезекші бөлімшелеріне жіберу мүмкіндігінің болмауы, бастауыш сыныптарда жеке пайдалануға арналған жабдықталған шкафтардың жоқтығы есепке алынды.

Мұны жергілікті атқарушы органның көмегімен шешу қажет, өйткені бюджеттен қаражат бөлінуі тиіс», - дейді Күлзағира Нұртаева.

Білім беру ұйымдарының мемлекеттік аттестациядан өтпеуінен осы мектептердің түлектеріне мемлекеттік білім туралы құжат берілмеуі мүмкін.


Жоғары қарай