Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 21 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 465.73
RUB 5.79
CNY 58.91

СҚО активі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық баяндамамен танысты

2020 жылдың 2 маусым 2020 18:27

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО активіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл жөніндегі ұлттық баяндама таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың басшылығымен өткен СҚО әкімдігінің кезекті отырысында Мемлекет басшысына ұсынылған 2019 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық баяндама қарастырылды.

Осы мәселе бойынша СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ернар Баянғазин баяндама жасады.

Ернар Баянғазин 2019 жыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тұрғысынан табысты болғанын, ал жеке позициялар бойынша серпінді деп танылғанын атап өтті. Білім ұйымдарында, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою бойынша мақсатты, жан-жақты жұмыстар жүргізілгендігін айтты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық баяндама 6 тараудан тұрады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық субъектілерінің жұмыс қорытындысын көрсетеді. Құжатта сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша қабылданған заңнамалық және практикалық шаралар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті одан әрі жетілдіру, оның ішінде БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының ережелерін, Еуропа Кеңесінің 20 басқарушы қағидаттарын және ЭЫДҰ ұсыныстарын орындау бойынша ұсынымдар берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы озық қағидаттар мен стандарттарды одан әрі имплементациялау мақсатында Мемлекет басшысына 39 ұсыныс енгізілді.

«Олар сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғаларды қорғау жүйесіне, «жемқорлық» ұғымын жеке секторға тарату мәселелеріне, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу бойынша бірыңғай заңды қабылдауға қатысты. Заңсыз байыту үшін жауапкершілікті, кірістер мен шығыстар туралы декларацияларды жариялау міндеттілігін, мемлекеттік қызметшілердің тазалығына, пара беру, ықпал ету саудасына уәде/ұсыныс жасау қылмысын анықтау тестілеу ұсынылады», - деді Баянғазин.

Сонымен қатар, Ернар Баянғазин сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу шараларына назар аударылғанын атап өтті.

«Сыбайлас жемқорлықтың пайда болу алғышарттарын жоюға бағытталған кешенді талдау жүргізілуде. Облыста өткен 2019 жылы 26 мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволық бағынысты мекемелерінің қызметінде, сондай-ақ квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 15 сыртқы талдау жүргізілді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау барысында сыбайлас жемқорлық көріністерінің алғышарттарын жою бойынша 112 ұсыныс әзірленді», - деді Ернар Баянғазин.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың басымдығында мемлекеттік органдардың ашықтығына ерекше мән беріледі.

Мәселен, «Қызылжар - адалдық алаңы» жобасы аясында 2019 жылы 9 әкімдік «Ашық әкімдік» форматына көшті. Жыл соңына дейін оларды барлық аудандарда ашу және ауылдық деңгейлерде де ашу жоспарланған. Петропавлда «I komek» ахуалдық орталығы ашылды. «Halyk bank» арқылы білім беру мекемелері жанындағы қамқоршылық кеңестерге смарт-банкинг қосымшасы жұмыс істейді.

Бұдан басқа, инфрақұрылымдық объектілерді салуға, жөндеуге және ұстауға бөлінген бюджет қаражаты туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді көрсететін Ашық бюджеттердің интерактивті картасын масштабтау жалғастырылды.

Ернар Баянғазин қазіргі уақытта өңірде 320,5 млрд.теңгеге 1873 бюджет жарияланғанын хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, жыл сайынғы баяндама Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы жарлығына сәйкес ұсынылады және Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру нәтижелері туралы қоғамды ақпараттандыру үшін қалыптастырылады.

Жоғары қарай