Ауа райы
Астана 11 °С
Алматы 22 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

СҚО әкімі шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесті

2020 жылдың 6 шілде 2020 14:57

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Уәлиханов және Ақжар аудандарында болып, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі шалғай аудандарға барған сапары жайында әлеуметтік желідегі парақшаласында жазды.

Құмар Ақсақалов Уәлиханов ауданындағы Қайрат және Қулыкөл ауылдарында болып, тұрғындарға ауданның жаңа әкімін – Қайрат Пішенбаевты таныстырды.

Былтыр Уәлиханов ауданында көктемгі су тасқыны кезінде өңір басшысымен кездескен тұрғындар сумен қамту, ұялы телефон байланысын орнату және жолдарды жөнге келтіру мәселелерін көтерген еді. Құмар Ақсақалов ауданның жаңа әкіміне бұл жұмыстардың сапалы атқарылуын қадағалауды тапсырды.

«Биыл Уәлиханов ауданындағы жолдарды жөндеуге 1,1 млрд теңге бөлінген. Бұл – өткен үш жылда осы мақсатқа жұмсалған қаржыдан 2,5 есе артық. Қоғам өкілдерін атқарылып жатқан жұмыстарды бақылауға алуға шақырамын. Жолдар мерзімінде төселіп, жұмыстар сапалы атқарылуы керек», - деп жазды өңір басшысы.

Облыстың шалғай ауылдары – Қайрат пен Қулыкөлден басқа жаңа жол тағы үш учаскеде: Кішкенекөл-Телжан, Көктерек-Тоспа-Жасқайрат және Қаратал ауылдарына дейін салынады. Бұдан басқа Кішкенекөлден Қайратқа дейінгі көлік қатынасына қажет жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу үшін қосымша қаржы бөлінбек. Яғни жол жөндеу жұмыстары келер жылы да жалғасын таппақ.

«Қулыкөл мен Қаратал ауылдарын сумен қамтуға 545,5 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде мыңдаған адамның жылдар бойғы таза су мәселесі шешімін табады. Ауылдардағы өмір сүру сапасын жақсарту қажет, мұндағы тұрғындарға жақсы жағдай жасауымыз керек», - деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.


Жоғары қарай