Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шымкенттегі технопаркте болған кісі өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды

2021 жылдың 23 қыркүйек 2021 18:40

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттегі «Қиял әлемі» технопаркінде 55 жастағы ер адамның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шымкент қалалық Әл-Фараби ауданының Полиция басқармасымен «Қиял әлемі» саябағында 1966 жылғы азамат атракционға отырып, қайтыс болғандығы бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Бастапқы медициналық анықтамаға сәйкес, жүрегі тоқтап қалған болуы мүмкін. Қазіргі таңда сот-медициналық сараптамасы тағайындалды» делінген қалалық Полиция департаментінің хабарламасында.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 22 қыркүйекте кешкі сағат тоғыз шамасында орын алған еді. «Қиял әлемі» технопаркінде ер адам «Балға» аттракционына мінген кезінде есінен танған. Оқиға орнына жедел жәрдем келгенімен дәрігерлер ер адамды құтқарып қала алмады.

Бұл «Қиял әлемі» технопаркінде болған алғашқы оқиға емес. Осы жылдың мамыр айында 17 жастағы жасөспірім оқыс оқиғадан қаза тапқан болатын. Жас жігіт аттракционның металл конструкцияларына көтерілгенде, құлап түскен еді. Ол жедел жәрдем келгенше қайтыс болған.


Жоғары қарай