Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 18 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Шымкентте модульдік жұқпалы аурулар госпиталінің құрылысы аяқталды

2020 жылдың 10 маусым 2020 19:44

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте модульдік жұқпалы аурулар госпиталінің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрылысы жаңа біткен нысанды Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен қала әкімі Мұрат Әйтенов аралап көрді.

Қаратау ауданының «Ақжайық» шағын ауданында орналасқан ғимаратта 20 реанимация бөлімшесі бар. 200 төсек орынға арналған бір қабатты емдеу мекемесі модульдік үлгі бойынша салынған. Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы болып табылатын госпитальде 300-ден астам білікті медицина қызметкері қызмет көмек көрсетеді деп жоспарланып отыр. Қажетті заманауи медициналық техникамен жабдықталған нысанда компьютерлік томография, сандық рентген және 20 ИВЛ аппараты бар.

Мамандар инфекциялық госпиталь жобасының ерекшелігі - пациенттерге білікті медициналық көмек көрсету үшін операциялық блок пен перзентхана залының болуы екенін айтады. Ал, реанимациялық залдар «open space» қағидаты бойынша жасалған. Бұл медициналық персоналға пациенттердің жағдайын бақылауға жеңілдетеді. Стационарды жобалау кезінде ғимараттың ішінде эпидемиологиялық режимді сақтауға көп көңіл бөлінген.

Құрылысшылардың сөзінше, бастапқы жоба бойынша төсек орын саны 80 адамға лайықталған. Кейін қала басшылығы оның санын 200 адамға көбейткен. Емдеу мекемесінің құрылысына 5 млрд 800 млн теңге жұмсалған.

Жаңа госпиталь таяу күндері науқастарды қабылдайды деп күтілуде.

Айта кетейік, мұндай госпитальдер Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында да салынған болатын.















































Жоғары қарай