Ауа райы
Астана 22 °С
Алматы 19 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Шымкентте ертеңнен бастап 2 мыңнан аса нысандар жұмыстарын бастайды

2020 жылдың 31 мамыр 2020 18:40

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте 1 маусымнан бастап 2 мыңнан аса шағын және орта бизнес нысандары жұмысын бастайды. Қаланың бас санитары карантиндік шектеулерге қатысты қаулыға өзгерістер енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте сөз алған қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ертеңнен бастап іске қосылатын нысандар мен шектеулердің алынуы бойынша баяндады.

«Шымкентте биылғы жылдың 1, 4 және 11 мамыр күндері 3 кезең бойынша 6 912 нысан іске қосылып, 166 мыңнан астам адам жұмысына қайта кіріскен болатын. Ал, төртінші кезең бойынша 1 маусымнан бастап 2 095 орта және шағын бизнес нысандары қайта іске қосылады. Яғни, 33 мыңнан астам жұмысшы өз ісіне кіріседі деген сөз», – деді қала әкімінің орынбасары.

Қаулыға сәйкес, маусым айынан бастап азық-түлік пен қажетті тауарларды сататын супермаркеттер, гипермаркеттер және сауда желілері жұмысын бастайды. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындары және жазғы алаңдар 50 адамға дейін қабылдай алады. Жалпы саны 1 320 нысанға сағат 06:00-21:00 аралығында қызмет көрсетуге рұқсат берілді. Тек қоғамдық тамақтану орындарына құдалық, туған күн, мерей тойлар сияқты мерекелік шараларды өткізуге тиым салынған. Жаттығу залы мен фитнес-орталықтары, сауналар мен SPA-салондары, жеке кабиналары бар моншалар да ашылып, жұмыс істейтін болды. Автокөлік және мал сататын базарлар, спорттық және мәдени нысандар (көрермендердің қатысуынсыз), білім беру орталықтары мен үйірмелер, дайындық топтары, халыққа қызмет көрсету және жұмыспен қамту орталықтары қалыпты жұмыс режиміне көшеді. Мектепке дейінгі ұйымдардағы кезекші топтар да 20 балаға дейін қабылдап, теміржол қатынастары қалпына келтіріледі деп күтілуде. Тек балабақшаға баланы апарар кезде ата-анасы дәрігерден рұқсат қағаз алып, жұмыс орнынан анықтама алып келуі талап етіледі.

Сондай-ақ, 2 маусымнан бастап қаладағы автовокзалдар мен автобекеттер жұмысын қайта бастамақ. Ал, кинотеатрлар 15 маусымнан бастап жұмыстарына кіріседі деп жоспарланған. Бұдан бөлек, брифингте қала аумағындағы барлық топтағы нысандар жұмысын таңертеңгі сағат 6:00-21:00 аралығындағы режимде жалғастыра алатыны белгілі болды.

«Саябақтар мен скверлер, алаңдар мен жағалауларда бетперделік режим сақтала отырып, шектеусіз режимге көшіріледі. Осы ретте барлық іске қосылатын кәсіпкерлік нысандар күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық тәртіппен жұмыс істейді»,- деді М.Исахов.


Автор Айнұр Ақбаева
Басты сөздер: Шымкент, Карантин,
Жоғары қарай