Ауа райы
Астана -8 °С
Алматы -8 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шымкентте бокстан Қазақстан чемпионаты мәреге жетті

2020 жылдың 29 қараша 2020 16:48

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкент қаласында ерлер және әйелдер арасында өткен бокстан Қазақстан чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемде «қазақтардың салмағы» атанып кеткен 69 келіде қарағандылық Абылайхан Жүсіпов пен жамбылдық Асланбек Шымбергенов рингке шықты.

Екеуі де – халықаралық жарыстарда олжа салып жүрген спортшылар. Абылайхан әлем біріншілігінде екі мәрте қола медальді жеңіп алса, Асланбек – Азия чемпионатының күміс жүлдегері.

Бұл кездесуде Асланбектің қабағы жарылып кетіп, жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталып, жеңіс А.Жүсіповке берілді.

Есесіне 75 кг салмақта тағы бір жамбылдық Әбілхан Аманқұл атыраулық Нұрқанат Райысты ұтып, жеңімпаз атанды.

91 кг салмақта қос елордалық боксшы Айбек Оралбай мен Сағындық Тоғамбай финалда жұдырықтасты. Бір қызығы, екеуінің бапкерлері де бір, Асқар Еркебаев екен.

Бұл жолы А.Оралбай жеңіс тұғырына көтерілді. Осы салмақта Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит сырқаттанып қалуына байланысты жарысқа қатысқан жоқ.

Аса ауыр салмақта Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері, қызылордалық Қамшыбек Қоңқабаев түркістандық Нұрлан Сапарбайды жеңді.

63 кг салмақта ақмолалық Ерсұлтан Болат финалда рингке шықпағандықтан, жеңіс Алматы облысының өкілі Ертуған Зейнуллиновке берілді.

Осылайша Қазақстан чемпионаты мәреге жетті, оған олимпиада лицензиясына ие болған боксшылардың да қатысуы дода деңгейінің жоғары екендігін танытты. Күтпеген нәтижелер де болмай қалған жоқ. Бірқатар жас боксшылар атақты спортшыларды жолдан тайдырды.

«Олимпиадаға жолдама алған бес боксшымыз жеңімпаз атанып, сол лицензияға лайық екендігін көрсетті. Өкінішке қарай, Зәкір Сафиуллин жарақатына байланысты шешуші бәсекеге қатыса алмады. Василий Левит те жарыстан тыс қалды. Осы чемпионатта жастар жақсы көрінді. Әсіресе, 52 кг салмақта бәсекелестік күшті болды. Жас боксшы Махмұд Сабырхан жолдама иегері Сәкен Бибосыновтан басым түсті. Сондай-ақ 49 кг салмақта 18 жастағы батысқазақстандық Даниял Сәбит аса тәжірибелі боксшы Теміртас Жүсіповті 5:0 есебімен ұтып, көңілімізден шықты. Енді Токио олимпиадасына жарты жылдай уақыт қалды. Басты мақсат – соған мықтап дайындалу», дейді Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев.

Әйелдер арасында жалпыкомандалық есепте Нұр-Сұлтан қаласы (3 алтын, 2 күміс, 1 қола) көш бастаса, Қостанай облысы (2 алтын, 1 қола) екінші, шымкенттіктер (1 алтын, 3 күміс) үшінші орынға ие болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Назым Қызайбайдың Токио олимпиадасының жолдамасын жеңіп алғысы келетінін, әйелдер арасында барлық чемпиондар анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ 18 жастағы боксшы Азия чемпионын ұтып кетсе, Бекзат Нұрдәулетов Қазақстан біріншілігінде топ жарды.


Автор Елжан Ералы
Басты сөздер: Спорт, Шымкент, Бокс,
Жоғары қарай