Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шымкентке ұшып бара жатқан ұшақта жолаушы әйел көз жұмды

2021 жылдың 15 қыркүйек 2021 13:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – QAZAQ AIR әуе компаниясының баспасөз қызметі ұшақ салонында әйел жолаушының қайтыс болғанын растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 14 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан – Шымкент бағытындағы рейсте болған.

«Ұшу кезінде салонның экипажы жолаушының науқас және шұғыл көмекке мұқтаж екені туралы ақпарат алды. Бортсерік жолаушы отырған орынға жақындағанда жолаушы ес-түссіз жатқан. Тексеру кезінде тамыр соғысы (пульс) мен тыныс алу белгілері болған жоқ. Ұшақтың командиріне мәлімет беріліп, жолаушылар көмекке шақырылды. Жолаушылар арасында болған дәрігер үндеуге құлақ асып, нұсқаулық бойынша бортсерікпен бірге жүрек-өкпе реанимациясын жасады», - деп баяндайды оқиға туралы компания.

Ақыры ұшақ командирі жақын маңдағы әуежайға қону туралы шешім қабылдайды.

«Экипаж әуе диспетчерлері арқылы жедел жәрдем шақырды. Жезқазған қаласының әуежайына келген дәрігерлер «өлім» туралы ресми хабарлады. QAZAQ AIR жолаушының отбасы мен жақындарына қайғысына ортақтасып көңіл айтады», - деп жазады QAZAQ AIR компаниясының баспасөз қызметі.


Жоғары қарай