Ауа райы
Астана 8 °С
Алматы 24 °С
валюта бағамы
USD 399.51
EUR 447.33
RUB 5.78
CNY 56.10

Шымкент төтенше жағдай аяқталғанша карантинге жабылды

2020 жылдың 4 сәуір 2020 09:01

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент бүгіннен бастап елдегі төтенше жағдай режимі аяқталғанша карантинге жабылды. Осыған қарай қала әкімі Мұрат Әйтенов қалың көпшілікке үндеу жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

М.Әйтенов қалада коронавируспен кұрес шаралары тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол Шымкентте індет жұқтырғандар саны 11-ге жеткенін айтты.

– Азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін, денсаулығын сақтау мақсатында 2020 жылғы 4 сәуірі сағат 21.00-ден бастап төтенше жағдай аяқталғанға дейін Шымкент қаласы аумағында карантин жарияланады.

Карантин мынандай шектеу шараларын қамтиды:

Біріншіден, карантин кезінде Шымкент қаласы бас санитарының қаулысында көрсетілген мекемелерден бөлек меншік нысанына қарамастан барлық мекемелердің жұмысы тоқтатылады. Ол мекемелердің тізімін әкімдіктің ресми сайты мен әлеуметтік желілерде жариялаймыз. Қоғамдық демалыс орындары, сонымен қатар саябақтар мен балалар алаңшаларына баруға болмайды.

Екіншіден, тұрғындар мен көліктің барлық түріне Шымкент қаласынан шығуға және қалаға кіруіне тыйым салынады. Бұл шектеудің Қаулыда көрсетілген белгілі азаматтар мен көліктерге қатысы жоқ. Олардың да тізімі жарияланады.

Үшіншіден, қала аумағында шағын микроавтобустардың қозғалысына тыйым салынып, олардың бағыттары бойынша автобус қозғалысы қойылады. Қалаішілік қоғамдық көлік қозғалысы таңғы 07.00-ден 19.00-ге дейін ғана жүзеге асады.

Төртіншіден, қала аумағындағы залалсыздандыру шаралары карантин мерзімі аяқталғанға дейін күшейтілетін болады.

Бесіншіден, азаматтардың жүріп-тұруына шектеу қойылады. Бұл тұрғындардың өзін-өзі оқшаулауы үшін жағдай жасауға бағытталып отыр. Мұндай шектеулер медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне, қала тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуші коммуналдық мекеме қызметкерлеріне қолданылмайды.

Қала тұрғындары толықтай шектеу кезінде үйлерінен азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық көмек, банк және пошта қызметтерін алу үшін ғана шыға алады.

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде тарап жатқан түрлі негізсіз ақпараттар таралуының алдын алу мақсатында, қала аумағында коммендаттық сағат әзірше енгізілмегенін ресми түрде мәлімдеймін. Дегенмен төтенше жағдай кезіндегі талаптарды орындауымыз керек. Карантин режимін бұзған азаматтарды құқық қорғау органдарының патрульдік қызметі анықтайтын болады. Себебі өзінің денсаулығына немқұрайлы қараған азаматтардың әрекетінен тұрғындардың басым бөлігі зардап шекпеуі тиіс деп санаймын.

Алтыншыдан, Шымкент қаласының аумағындағы төтенше жағдай және карантин кезінде 55 жастан асқан тұрғындарға аса бір қажеттіліксіз көшеге шықпауды ұсынамыз.

Жетіншіден, карантин кезінде тізім бойынша жұмысы тоқтамаған барлық мекемелер қызметкерін жұмыс орны туралы анықтамамен қамтамасыз етуі шарт.

Сегізіншіден, азық-түлік базарларының жұмыс уақыты 10:00-ден 18:00-ге дейін, қадамдық қашықтықтағы азық-түлік дүкендерінің жұмыс уақыты 10:00-ден 21:00-ге дейін болып қалады.

Тоғызыншыдан, барлық қоғамдық тамақтану орындары жеткізіп беру режиміне көшеді.

Оныншыдан, азаматтардың қала аумағында жеке көлігімен жүруіне тыйым салынады. Бұл талап тізімге кіретін мекеме қызметкерлеріне қолданылмайды және ол азаматтардың қолында жұмыс орны берген анықтама болуы керек. Сондай-ақ, жеке көлікпен үйінің жанында орналасқан азық-түлік пен бірінші кезектегі тауарлар, медициналық құралдар алуға және жедел жағдайларда медицина ұйымдарына көмек алуға баруға болады, деді.

Сөз соңында қала басшысы:

– Қаланың тыныс-тіршілігі тоқтамауы үшін қала әкімдігі барлық шараларды қабылдайды.

Осындай қиын сәтте, Шымкентті жан-тәнімен сүйетін әрбір тұрғынға қаламыз біздің көмегімізге зәру екендігін айрықша атап өткім келеді. Қаламызға тигізер көмегіміз – бұл біздің біркісідей карантин талаптарын бұлжытпай орындауымызда екендігін атап өтемін, деді.


Жоғары қарай