Ауа райы
Астана 16 °С
Алматы 13 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 454.18
RUB 5.81
CNY 57.66

Шымкент аумағына көлік пен азаматтардың кіріп-шығуына шектеу қойылды

2020 жылдың 27 наурыз 2020 01:50

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласының аумағына автокөлік мен азаматтардың кіруіне және шығуына шектеу қойылды. Бұл туралы шұғыл түрде мәлімдеме таратқан қала әкімі Мұрат Әйтенов айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шаһар басшысының хабарлауынша, Шымкент қаласының екі тұрғыны қауіпті індетті жұқтырғаны қатты алаңдаушылық туғызып отыр. Қазір науқастар қалалық инфекциялық ауруханада емделуде, денсаулықтары бірқалыпты. Ал, қауіпті індеттің таралып кетпеуі үшін олар тұрған елді мекен оқшауланады.

«Ол адамдармен байланыста болған 26 адам карантинге жатқызылып, тест сараптамасы алынды. Қазіргі таңда нәтижесі күтілуде. Осы екі адамның тұрғылықты жайы қалаға қарасты Абай ауданы, «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғыналабы болғандықтан, осы елді мекен 14 күнге карантинге жабылды. Сонымен қатар, қаладағы автовокзал мен автобекеттердің және балабақшалардың жұмысы уақытша тоқтатылды», - деді Мұрат Әйтенов.

Қала әкімі сонымен қатар инфекцияның таралуына жол бермеу үшін, 28 наурызда түнгі сағат 00:00-ден бастап шаһарда біратар шектеу шаралары енгізіледі. Бұл шаралар Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның келісіміне сәйкес жүргізіледі.

«Біріншіден, Шымкент қаласы әуежайының, теміржол вокзалының жұмыстары, авиа және теміржол қатынастары толық тоқтатылады. Сонымен қатар, автокөлік базарлары, азық-түлік жәрмеңкелері, мобильді телефон сататын дүкендердің жұмысы тоқтатылады. Бұл ретте, қала тұрғындары мен қонақтарына, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарға меншік түріне қарамастан барлық жайларда, тұрғын үйлерде және аумақтарда, діни нысандарда жеке, отбасылық, еске алу іс-шараларын және басқа да салтанаттар, жиындар өткізуге қатаң тыйым салынады. Барлық сауда нысандарына өз тауарлары мен қызметтерін сатуда онлайн режәмге көшуді ұсынамын»,- деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Екіншіден, бұған дейін қызметіне шектеу енгізілген барлық сауда және басқа да нысандарда, келушілер мен сатушылар үшін медициналық бетперделерді киюді талап ететін санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейтіледі. Сонымен қатар, мал базарлары тек жексенбі күні сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

«Үшіншіден, қоғамдық тамақтану орындарының (кафе, мейрамхана және тағы басқалар) қызметіне күндізгі сағат 10:00-ден 18.00-ге дейін шектеу енгізіледі. Ал, сағат 18-ден 22-ге дейін қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын «тағамдарды үйге жеткізу және өзімен алып кету» режімінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, тамақтану орындары кіреберісте клиенттердің температурасын бақылауға және қолдарын санитарлық өңдеуге міндетті. Клиенттерді «келушілер арасында бір бос үстел қашықтығы» форматы бойынша, залда 50 адамнан аспай отырғызуға міндетті. Төртіншіден, Шымкент қаласының аумағына сағат кешкі 21.00-ден таңғы сағат 07:00-ге дейін автокөліктер мен азаматтардың кіруіне және шығуына тыйым салынады. Бұл шектеулердің транзиттік көліктер мен азық-түлік тасымалдайтын көліктерге қатысы жоқ. Бесіншіден, қаладағы қоғамдық көліктердің жұмысы таңғы сағат 06:00-ден 21:00-ге дейін шектеледі»,- деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.

Автор Айнұр Ақбаева
Басты сөздер: Карантин, Шымкент,
Жоғары қарай