Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 16 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

Шығыс Қазақстанда шомылу маусымында 16 адам суға кеткен

2020 жылдың 14 шілде 2020 21:37

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымы басталған уақыттан бері 16 адам суға кетіп көз жұмған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО ақпарат орталығының мәліметінше, адамдардың су айдынында қаза табуына мынадай жағдайлар себеп болған: суда жүзе алмау немесе өзінің шамасын білмеу, балаларды қараусыз қалдыру және алкогольді ішімдік ішкен күйі суға түсу. Бұл жайында арнайы брифингте ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Дмитрий Титов айтып берді.

«2020 жылдың басынан бері ШҚО-да 28 адам суға батып, қайтыс болған. Тек шомылу маусымының өзінде 16 адам мерт болды, оның алтауы - 17 жасқа дейінгі балалар. Барлық қайғылы жағдайлар шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде болған» деп атап өтті департамент басшысы.

Оның айтуынша, бүгінде халықтың жаппай демалып, суға түсуі үшін 359 орын жабдықталып, дайындалған. Оның 180-інде арнайы жағажай бар.

Өңірде қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін демалыс орындарына туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, дайындықты күшейту жөнінде 999 нұсқау жолданған.

Облыста барлығы 132 құтқарушы жұмыс істеп жүр. 53 қоғамдық құтқару бекеті ашылып, 48 акваторий тексеруден өткен.

Алакөлде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 4 құтқарушыдан құралған топ жұмыс істеуде.

Аймақтағы су айдындарының жағалауында мыңнан астам рейд өткізілген.


Жоғары қарай