Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шығыс Қазақстанда биыл 20 мың оқушы бірінші сыныпқа барады

2021 жылдың 29 шілде 2021 22:41

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл 20 мың оқушы бірінші сыныпқа барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, жаңа оқу жылына жоспарлы дайындық аясында өңірдің барлық мектептері медициналық маскалармен, санитайзерлермен, антисептикалық кілемшелермен және дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілген.

Бүгінде 22 мыңнан астам мектеп, колледж және интернат ұйымдарының педагогтері вакцина алды.

«Биылғы оқу жылында облыстың 647 жалпы білім беретін мектебінде 198 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 20 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Қазіргі уақытта 7 мектепте күрделі, ал 130 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық жөндеу жұмыстары 20-тамызға дейін аяқталады», - деді С.Жұмаділова.

Сондай-ақ ол жаңа оқу жылында барлық оқушылар оқулықпен және оқу-әдістемелік құралдарымен қамтамасыз етілетінін, ал шалғай ауылдарда тұратын 3 мың бала үшін мектеп автобустары қатынайтынын хабарлады.

Ол үшін облыстық бюджет есебінен қосымша 26 көлік сатып алынды.

Аймақтың 584 мектебінде 196 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болады. Оның ішінде 37 мыңы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары.


Жоғары қарай