Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -2 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шығыс Қазақстанда бір жарым айда 800 тонна пішен өртеніп кетті

2020 жылдың 18 қыркүйек 2020 08:53

ҮРЖАР АУДАНЫ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстанда шөп жинау науқаны басталғалы ірі азықты дайындап, тасу және сақтау кезіндегі өрт жағдайлары жиілеп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мекемедегілердің айтуынша, тамыз басталғалы облыста ірі азықтың 45 өртену жағдайы тіркелсе, соның ішінде 800 тоннадан астам пішен өртенген.

Кезекті өрт Үржар ауданында, Таскескен-Бахты тасжолының 121 шақырымында болды. Тіркемесі бар трактор кетіп бара атқанда оралған пішен өртеніп кетті.

«Жүргізуші көлігінің бір жері бұзылғандықтан тоқтап, пішеннің қызыл жалынға оранғанын байқаған. Ол дереу тракторды тізбегінен ажыратып өрт сөндірушілерді шақырды. Аудандағы өрт постының қызметкерлері 10 минут ішінде келіп, тілсіз жауды сөндіруге кірісті. Өкінішке қарай, 30 шаршы метр аумақта 4 тонна жаңа дайындалған пішен мен тіркеменің бөліктері өртенді. Өрт сөндірушілер өртті 20 минутта сөндірді», - деп түсіндірді ШҚО ТЖД қызметкерлері.

Болжам бойынша өртке отты абайсыз пайдалану себеп болған. Өрт сөндірушілердің айтуынша, өрттің тұтануына жанынан өтіп бара жатқан автокөліктен лақтырылған темекі тұқылы себеп болуы мүмкін.

Автор: Руслан Шақабаев


Жоғары қарай