Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шығыс Қазақстанда әкім сайлауында ауыл халқының 80 пайызы таңдауын жасады

2021 жылдың 25 шілде 2021 18:00

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында сайлаушылардың 80 пайызы өз таңдауын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, Шығыс Қазақстанда сағат 16.00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың жалпы санының 80 пайыздан астамы дауыс берді.

«Ауылдық округтер бойынша айтар болсақ, Семей өңіріндегі ауылдық округтерде келу көрсеткіші 86 пайыз, Абай ауданы бойынша – 88 пайыз, Аягөз ауданында – 78 пайыз, Бесқарағай ауданында – 91 пайыз, Бородулиха ауданында – 66,5 пайыз, Жарма ауданында 85 пайыз, Катонқарағай ауданында – 77 пайыз, Зайсан ауданында – 89 пайыз, Көкпекті ауданында – 75 пайыз, Күршім ауданында – 79 пайыз, Тарбағатай ауданында - 82 пайыз, Ұлан ауданында– 86 пайыз, Үржар ауданында – 79 пайыз және Шемонаиха ауданы бойынша – 70 пайыз. Жалпы, ауылдық округтердің тұрғындары сайлау процесінде белсенділік танытуда. Олар жерлестерін сайлауға қатысуға және жарқын болашаққа үлес қосуға шақыруда» делінген ШҚО ақпарат орталығы таратқан мәліметте.

Бородулиха ауданы Андреевка ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Светлана Акошева өз таңдауын жасап үлгерген.

– Мен азаматтық ұстанымымды таныту үшін келдім. Өйткені, ертең қалай өмір сүретініміз осы таңдауымызға байланысты. Бізде сайлау тыныш өтіп жатыр, барлық ережелер сақталған. Жерлестерімді сайлау учаскелеріне келіп, лайықты үміткерге дауыс беруге шақырамын, – дейді ол.

Аягөз ауданының Қарағаш ауылдық округінің тұрғыны Роза Қабиева ауылдың одан әрі дамуы әкімнің кім болатынына және оның өз міндеттерін қаншалықты жақсы атқаратынына байланысты екенін атап өтті.

​Шемонаиха ауданының ардагерлер кеңесінің төрайымы Светлана Лычагина жерлестерін ауылдардың болашағына бей-жай қарамауға, сайлау науқанына қатысуға шақырды.

- Әкім сайлауы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған ауқымды өзгеріс. Бұл - біздің қоғамның демократиялық дамуындағы маңызды қадам. Нәтижесі оң болады деп сенеміз, – деді Светлана Лычагина.


Жоғары қарай