Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шығыс Қазақстанда 221 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр

2021 жылдың 25 шілде 2021 11:29

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 221 сайлау учаскесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

Бүгін елімізде алғаш рет аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, кенттер мен ауылдар әкімдерінің тікелей сайлауы өтуде. Осыған байланысты ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиевтің, комиссия төрағасының орынбасары Жанар Алқанованың, СЭБ департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алиннің, ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ернар Базаровтың қатысуымен брифинг өтті.

Сағат 7.00-де аумақтық сайлау комиссияларының деректеріне сәйкес аудандық маңызы бар бір қалада, алты кентте, 70 ауылдық округте дауыс беру басталды. Қазіргі уақытта өңірде 221 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.

«Сайлаушылардың сайлау учаскелеріне келуі туралы қосымша ақпарат Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 10.00, 12.00, 14.00, 16.00, 18.00 және 20.00-жағдай бойынша облыстың аумақтық сайлау комиссияларының интернеттегі ресми парақшаларында ұсынылатын болады. Сайлаушылардың алдын ала келуі туралы ақпарат 21.00-де жарияланады, - деді Ерсайын Нәбиев.

Сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін ШҚО полиция департаментінің сақшылары күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ернар Базаровтың айтуынша, әрбір сайлау учаскесінде кезекшілікті қамтамасыз ету мақсатында 800-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылған, сондай-ақ прокуратура қызметкерлері кіретін жедел-тергеу топтары құрылған.

Жалпы, қазіргі уақытта облыстағы ахуал және сайлау учаскелеріндегі жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ.

ШҚО бойынша СЭБ департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алин брифинг қатысушыларына Республиканың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес сайлауды ұйымдастыру және өткізу жұмыстары коронавирустың таралуының алдын алу алгоритміне сәйкес өткізіліп отырғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ ол сайлау процесінің барлық қатысушыларына маска режимін қатаң сақтау, қолды өңдеуге арналған антисептикті қолдану, адамдар арасындағы 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтау, қол алысудан және тікелей байланыстың басқа түрлерінен аулақ болу керектігін атап өтті.


Жоғары қарай