Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шығыс Қазақстан облысы газбен қашан қамтылады - министр жауап берді

2021 жылдың 6 қазан 2021 13:58

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысына газ қашан жетеді? Бұл сұраққа еліміздің Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін елордада алғаш рет «KIOGE-2021» халықаралық мұнай және газ көрмесі ашылды.

Көрменің ашылуына еліміздің Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысып, онда қойылған өнімдермен танысып өтті.

Шара барысында министр мұнай және газ саласына қатысты БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берді. Тілшілер көтерген мәселенің бірі - Шығыс Қазақстанға газ жеткізу.

«ШҚО-ға газ тарту жақын уақытта жоспарда жоқ. Бірақ аталған мәселе біздің министрліктің күн тәртібінде бар және оны Ресеймен бірлесіп шешу қарастырылып отыр. Аталған өңірді газдандыруды көрші Ресейдің ресурсы есебінен шешуге болады. Ол үшін бөлек газ құбырын тарту қажет», - деп жауап берді М. Мырзағалиев.

Сондай-ақ, министр ШҚО-ның Зайсан ауданын газбен қамту мәселесіне арнайы тоқталып өтті.

«Зайсан ауданын газдандыру жұмысы 2013-2014 жылдары басталды. Газ құбырын тарту жоспарына сай 9 елдімекенге газ жеткізілді. Бүгінде жұмыс жалғасып жатыр», - дейді ол.

Бұған дейін министр еліміздегі дизель бағасының қымбаттауына қатысты түсінік берген еді.

Сондай-ақ, М. Мырзағалиев елімізге кем дегенде 100 мың тонна ресейлік дизель отыны әкелінетінін айтты.

Одан бөлек, ведомство басшысы 2028 жылы «Қаламқас» және «Хазар» кен орындарын игеру басталатынын жеткізді.


Жоғары қарай