Ауа райы
Астана -24 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

«Шұғыла» қоғамдық қорының құрылтайшысы пандемия кезінде қалай жұмыс істегендері туралы айтты

2020 жылдың 3 желтоқсан 2020 19:31

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде «Шұғыла» қоғамдық қорының құрылтайшысы Мейірхан Абдрахманов коронавирус індеті кезінде еліміздегі барлық волонтердің басын қосып, оттегі концентрациясын алу үшін қаражатты қалай жинағаны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия аяқ астынан болды. Бастапқыда біздің елде ондай болуы мүмкін емес екеніне сеніп жүрдік. Маусым айында туысқандарымыз да, өзіміз де ауыра бастадық. Сол кезде «Шұғыла» қоғамдық қорының құрылтайшылары, кәсіпкерлер бас қосып, халыққа осындай кезде көмектеспегенде қай кезде көмектесетінімізді айттық. Коронавирусты емдейтін орындар көптеп ашылғанмен, ол жерде оттегі жетіспей жатты. Оттегі жетіспегендіктен қаншама адам өмірден озып кетті. Бұл мәселені оттегі концентраторы шешетінін білдік. Оның ең ыңғайлысы – 5 литрлігі екен. Оның Қазақстандағы бағасы Қытаймен салыстырғанда 6-7 есе қымбат болды. Сол себепті бірден Қытайдан сатып алуға шешім қабылдадық», - дейді «Шұғыла» қоғамдық қорының құрылтайшысы Мейірхан Абдрахманов.

Оның айтуынша, бастапқыда кәсіпкер жігіттер бірігіп, 50 оттегі концентраторына тапсырыс берген.

«Оттегі концентраторын алатынымыз туралы ақпаратты әлеуметтік желілерге жарияладық. Блогерлер де ақпарат таратуға атсалысты. Осылайша 2 апта ішінде 450 млн теңге жиналды. Үкімет қатты көмектесіп, кеденнен жылдам өткізді. Оттегі концентраторлары қысқа уақытта Қазақстанға, соның ішінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі аймақтарға таратылды. Сонымен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты бауырлар мемлекеттерге 20 концентратордан бердік», - дейді ол.


Жоғары қарай