Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-ның аудан мен ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтер Қазпошта бөлімшелерінде көрсетілуде

2021 жылдың 27 сәуір 2021 17:19

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шалғайдағы елді мекен тұрғындары мемлекеттік және әлеуметтік қызметтер үшін «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне жүгіне алады. Ұлттық пошта операторы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесе «Мемлекеттік және әлеуметтік қызметтердің бірыңғай агенті» пилоттық жобасын қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2021 жылдың 1 сәуірінен бері «Қазпошта» АҚ Шығыс Қазақстан облысындағы аудан және ауыл тұрғындарына 1 мың мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсетті. Оның басым бөлігі egov.kz порталына тиесілі.

«Қазпоштаның филиалдар желісі өте кең. Кейбір елді мекендерде Қазпошта тұрғындарға қызмет көрсететін жалғыз мекеме болып табылады. Олар үшін мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету – аса маңызды әлеуметтік міндет. Жоба ШҚО пилоттық түрде іске қосылды. Оның нәтижесі оң екендігі байқалады. Біздің жаңа қызметтер тұрғындар тарапынан сұранысқа ие және олардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімдігін едәуір жеңілдетеді», - деп атап өтті «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев.

Шығыс Қазақстан өңіріндегі пошта байланысының 167 бөлімшесінде 628 мемлекеттік қызмет ұсынылған. Оның ішінде egov.kz порталы арқылы электрондық-сандық қолтаңба алу және онлайн қызметтерге (жұмысмен қамтуға, білімге, денсаулыққа, жылжымайтын мүлікке және т.б. бойынша анықтамалар, өтініштер) тапсырыс беру, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакетті алуға, сонымен бірге aleumet.egov.kz порталында мүмкіндігі шектеулі жандар тарапынан оңалту бойынша техникалық құралдарды алуға және санаторлық-курорттық емделуге жолдамаларды рәсімдеуге өтініш беру қарастырылған.

ШҚО-ның аудан және ауыл тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ, өздеріне қажетті қызметтерді «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінен алуға мүмкіндіктері бар. Бұл бағытта жергілікті пошта байланысының 200-ге жуық операторы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында тиісті оқудан өткен.

Алдағы уақытта Қазпошта әлеуметтік маңызды жобаның аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Шығыс Қазақстан облысындағы филиалдың тәжірибесі еліміздің басқа өңірлеріне де қолданылады.


Жоғары қарай