Ауа райы
Нур-Султан +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 449.85
EUR 485.43
RUB 5.71
CNY 70.69

ШҚО-дағы келіндер байқауында түрлі ұлт өкілдері бақ сынады

2022 жылдың 15 мамыр 2022 00:16

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Аяулы жас келін» байқауы өтіп, оған 16 келіншек қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Глубокое ауданында дәстүрлі «Аяулы жас келін» облыстық байқауы өтті. Қатысушылар қазақтың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын білуден және тағамдарын әзірлеуден сайысқа түсіп, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін көрсетті.

Мәдениет үйінің алды кішігірім ауылға айналды. Әр киіз үйдің жанында шай қайнатылып, қазанда жас келіндер бауырсақ пісіріп, жарыстың көркін қыздырды. Облыстық байқауға алғашқы рет қатысып отырған Анжелика қазақтың дәстүрінен таңсық емес. Ол екі жыл бұрын қазақ отбасының келіні атанған.









«Осы уақыт аралығында өте көп дүниені үйрендім. Қамыр илеп, нан жайып, бауырсақ, шелпек пісіру мен үшін үйреншікті іс. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңін қазылар алқасы алдында оқып бердім. Бүгін менің қасыма жан жолдасым, 10 айлық қызым қолдап келіп отыр», - дейді Өскемен қаласынан келген қатысушы Анжелика Шабданбекова.

Байқауға облыстың әр аудандарынан келген 16 келін қатысты. Байқаудың «Жас келіннің бір күні» атты алғашқы бөлімінде келіндер бір күндік тыныс-тіршілігін көрсететін бейнеролик ұсынды. Одан кейін «Ас адамның арқауы» кезеңінде ұмытылып бара жатқан ас түрлерін ұсынды.





Интеллектуалдық сайыста қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайлы түрлі тақырыптағы сұрақтарға жауап берсе, шығармашылық кезең өз өнерлерін ортаға салды. Бірі ән айтса, бірі би билеп, мәнерлеп өлең оқыды.

Ең соңғы «Ақ орамал» бөлімінде әр ұлт өкілінің қатысушысы келіннің басына байлайтын орамалдың шығу тарихы, ерекшелігі, орамал тағу мәдениеті жайлы егжей-текжейлі айтып берді.

Сайыстың ұйымдастырылуына мұрындық болған ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова жыл сайын қатысушыларға қойылатын талаптар күшейтіліп келе жатқанын айтады.





«Биыл байқаудың ерекше әрі қызықты өтуінің бір себебі әр жылдары тек қазақ ұлтының қыздары қатысып келе жатқан байқаудың ауқымы кеңейіп, басқа ұлт өкілдері де қатысуға ниет білдірді. Демек, енді біз басқа этностардың салт-дәстүрлерімен және ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік алдық. Бұл шара отбасылық құндылықтарды дәріптеп, қоғамдағы аналардың мәртебесінің артуына сеп болады деп ойлаймын», - дейді Арайлым Есімбековв.

Сайыс қорытындысына сәйкес, «Аяулы жас келін» байқауында үшінші орынды Өскемен қаласынан келген қатысушы Анжелика Шабданбекова иеленсе, екінші орын Глубокое ауданының келіні Ажар Төлеуқанова мен риддерлік Ардақ Малтаеваға бұйырды. Бас жүлдені Абай ауданынан келген Айдана Байтусова жеңіп алды. Байқауға қатысушылардың барлығы алғыс хаттармен, жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.






Жоғары қарай