Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-дағы демалыс базасынан 5 млн теңгелік гидроцикл ұрлағандар ұсталды

2021 жылдың 27 тамыз 2021 20:53

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданында гидроцикл ұрлаған 3 ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына 33 жастағы ер адам хабарласқан. Өз сөзінде ол Новостройка ауылынан 6 шақырым жердегі Бұқтырма су қоймасының жағасынан белгісіз біреулердің «BRP» маркалы гидроциклын ұрлап кеткенін жеткізді. Осының салдарынан жәбірленушіге 5 000 000 теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілген.

«Белгілі болғандай, гидроцикл еш қараусыз тұрған. Бейнебақылау камераларының жазбасын қарау кезінде гидроциклды жағаға қарай итерген үш адам көрінді. Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полицейлер түнгі уақытта Бұқтырма су қоймасының жағалауынан «Көкпекті-Васильев өткелі» тасжолына қарай келе жатқан тіркемесі бар көлікті анықтады. Олар Шешек асуында тоқтатылды», - делінген ақпаратта.




20-35 жас аралығындағы үш күдікті тергеу барысында өз кінәларын мойындады. Ұрланған гидроцикл иесіне қайтарылды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


Жоғары қарай