Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да жоғалған 5 жасар бала табылды

2021 жылдың 17 сәуір 2021 13:17

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының полицейлері жоғалған 5 жасар баланы тауып, ата-анасына қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 16 сәуір күні сағат 16:30 шамасында Глубокое аудандық полиция бөліміне хабарласқан әйел баласының жоғалғанын айтып, көмек сұраған. Өз сөзінде ол сағат 14:30-дан бері 5 жасар ұлының қайда екенін білмейтінін айтты.

«Полиция қызметкерлері дереу жоғалған баланы іздеуге кірісті. Бұл ретте іздеуге департаменттің жедел уәкілдері мен қызметтік иттер де жұмылдырылған. Бала ойнап жүрген аумақтағы тұрғын үйлер жіті тексерілді. Елді мекендегі қараусыз қалған ғимараттар да мұқият қаралды», - делінген хабарламада.

Нәтижесінде екі сағат ішінде бала табылды. Абырой болғанда, оның денсаулығына ешқандай зақым келмеген. Белгілі болғандай, ата-анасы үй шаруаларымен жүргенде ол көрші баламен ойнап, үйден тым алыстап кеткен екен.

«Ұлымды тапқан полиция қызметкерлеріне үлкен рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін», - деді Наталья Кудрявцева.


Жоғары қарай