Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да ұстаздарды ынталандыру үшін төсбелгі және ақшалай сыйақы беріледі

2021 жылдың 26 тамыз 2021 17:20

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында үздік мұғалімдерге төсбелгі және 600 мың теңге ақшалай сыйақы беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы оқу жылында өңір әкімінің атынан алғаш рет педагогтарға «Шығыс Қазақстан облысының білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» құрметті атағы, 600 мың теңге ақшалай сыйақы және «ШҚО еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісі берілетін болады. Бұл туралы дәстүрлі тамыз конференциясы кезінде айтылды. Осындай марапаттарды білім беру жүйесіне үлкен үлес қосқан педагогтар иеленбек.

«Өткен жылы «Педагог мәртебесі туралы« заң қабылданды. Бұл ұстаздардың еңбек жағдайын жақсартуға және жалақысын арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда облыстағы 24 045 педагогтың 13 916-сы жаңа формат бойынша аттестаттаудан өтіп, өз жалақысын 30%-дан 50%-ға дейін көтерді. Өткен оқу жылынан бастап алғаш рет 800 педагог магистратураға 26 мың теңге көлемінде қосымша ақы алды», - дейді ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Жаңа оқу жылынан бастап педагогтарды жұмысқа қабылдау жүйесі өзгереді. Егер бұрын жұмысқа директор алса, енді тиісті біліктілік талаптарына сәйкес конкурс электрондық форматта өткізілетін болады.

«Қыркүйек айынан бастап білім беру ұйымдарының директорларын тағайындаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Бұл бірінші басшыларға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес жүргізіледі. Педагогикалық қызметке алғаш кірісетін ЖОО түлектері де «Педагог« біліктілігін алу үшін Ұлттық біліктілік тестінен өтуі тиіс», - деді Сайрангүл Жұмаділова.


Жоғары қарай