ШҚО-да полицейге тіл тигізген ер адам 20 сағаттық жұмысқа жегілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында полиция қызметкеріне тіл тигізген ер адам 20 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Қасым Қайсенов кентінің тұрғыны подъезде алкогольді ішімдік ішіп, көршілерін бейәдеп сөздермен қорлаған. Олар учаскелік полицейге хабарласып, шағым түсірді.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшысы сабырға шақырғанымен мүлде құлақ аспаған. Ал оның барлық әрекеттері бейнекамераға түсіріліп, сотта дәлел болды. 30 жастағы ер адам полиция қызметкерін де балағаттады. Сот шешімімен ол 20 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды. «Сотталған азамат пробация қызметінің есебіне алынып, қоғамдық жұмыстарды орындау үшін жергілікті атқарушы органға жіберілді. Енді ер адам күніне 4 сағат бойы қала көшелеріндегі қоқыс жәшіктерін тазалап, қар күрейтін болады», - деді Өскемен қаласы бойынша пробация қызметінің басшысы Мақсат Манарбеков.