ШҚО-да оқушы саны артқан мектеп ғимаратына тағы екі қабат қосылады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентіндегі оқушы саны артқан мектепке екі қабат қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Ұлан ауданындағы жұмыс сапарым барысында Қасым Қайсенов кентінің тұрғындары бірқатар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Аудан орталығындағы емханаға жаңа ғимарат қажет. Сондай-ақ кенттегі оқушылар санының өсіп келе жатқанына байланысты орта мектепте орын жетіспеушілігі байқалады. Осыған орай аудан әкіміне мектепке екі қабат қосуды тапсырдым. Бұл білім ордасының алғашқы жобасында да көрсетілген», - дейді облыс әкімі.
Кентте жаңа емхана мәселесі де жуық арада шешімін таппақ. Ол үшін аудандық әкімдікке «Досжан» темір жолы» компаниясының үш қабатты құрылыс нысаны беріледі. Заң талаптарына сай, барлық мәселелер шешілгеннен кейін, құрылыс жұмыстарына және қажетті жабдықтармен қамту мақсатында тиісті қаражат бөлінбек.