Ауа райы
Астана -18 °С
Алматы 1 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін 1,1 мың баспана салынады

2021 жылдың 13 қаңтар 2021 05:23

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Биыл Шығыс Қазақстан облысында жеке инвесторлар есебінен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін 1 143 пәтерлі 759 бір қабатты үй салынады. Бұл туралы тұрғын үй және әлеуметтік құрылыс жоспарлары бойынша өткен селекторлық кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға облыс әкімі Даниал Ахметов пен қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты.

Өткен 2020 жылы Шығыс Қазақстан облысы құрылыс қарқынын үдетті. 1 мыңнан астам көпбалалы және аз қамтылған отбасы баспаналы болды. Тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салынып, жолдар жөнделді. Биылғы жылы бұл жұмыстарды әрі қарай дамыту көзделген.

Өңір басшысы атап өткендей, биыл ШҚО-да қаржыландырудың барлық көздері есебінен 912,5 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Оның ішінде, жеке инвесторлар есебінен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін 1 143 пәтерлі 759 бір қабатты үй салынады. Бұрынғы аудан орталықтарында 72 үй бой көтереді.

«Бұрынғы аудан орталықтарына баса назар аудару қажет. Қалалар мен аудандар әкімдеріне бір апта ішінде ұсыныс енгізуді тапсырамын. Барлығы жұмыс уақытымен тиісті сапада орындалуы керек. Сондай – ақ, барлық әкімдер аумақты абаттандыру және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым өткізу бойынша жұмыстардың орындалу кестесін ұсынуы тиіс», - деп атап өтті Даниал Ахметов.

Облыс әкімі құрылыс компанияларының бәсекелі орта жағдайында жұмыс істеуі жұмыс сапасын артатынын айтты. Егер әрбір аудан жеке инвесторлар есебінен несиелік тұрғын үй салса, әлеуметтік тұрғын үй құрылысына арналған жоспардан жоғары квота алуға мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, биыл әлеуметтік-мәдени мақсаттағы 9 нысанның құрылысы жалғасын табады. Семей қаласының Степной кентінде 300 орындық мектеп, Қайнар ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Тағы 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені Бозанбай, Таврия, Марқакөл, Ақсуат ауылдарында, сондай-ақ Серебрянск қаласында пайда болады. Ал жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені Бородулиха ауданында бой көтереді. Сондай-ақ, Самар ауылында және Аягөз қаласында жүзу бассейндерінің құрылысы жүрмек. Өскемендегі 244 орындық 9 қабатты жатақхананың құрылысы жалғасады.

Жоғары қарай