Ауа райы
Астана 17 °С
Алматы 23 °С
валюта бағамы
USD 412.55
EUR 468.66
RUB 5.79
CNY 58.80

ШҚО-да бір үйдің 70 қойын қасқыр тартып кетті

2019 жылдың 2 қазан 2019 16:51

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстанда қораға қасқыр түсіп, 70 қойды тартып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жағдай Тарбағатай ауданы Ахмет-Бұлақ ауылында болды.

«Мен қойды өзім жеке бағамын. Кешке өрістен кейін қораға қамағанмын. Таңертең келгенімде малдың жайрап жатқанын көрдім. Аман қалғандары бұрыш-бұрышқа тығылысып тұр. Ойлап қарасаңыз, 70 бас деген екі үйдің қойы ғой. Басымызда несие бар, қаладағы баланың оқуының қаражаты бар, оларды осы қойды сатып төлейтін едік», – дейді Назар Садуақасов.

Ойда-жоқта ойсырай шығындалған малшының санасында сұрақ пен үрей бар. Сұрағы: Мемлекеттен өтемақы бола ма? Үрейі: ит-құс күн санап көбейіп келеді. Бара-бара адамға шауып жүрмей ме? Ал мылтықты рұқсат қағаз болса да ұстатпайды.

«Психологиялық болсын, заңдық болсын, барлық тексеруден өтіп, мылтыққа рұқсат алдық. Алайда қаруымыз сейфте босқа тұр. Ұстатпайды. Неге екені түсініксіз. Жыл сайын мерзімін ұзарту үшін ақшасын текке төлеп отырмыз. Қасқыр болса көбейіп келеді», – дейді тұрғын.

Ал ауыл әкімінің айтуынша, мал жекеменшік болғандықтан мемлекеттен өтемақы төленбейді.

«Мал иесімен кездесіп, мән-жайды көзбен көрдім. Қорасы ауылдың жоғары жағында, енді басқа малын аман сақтау үшін түнде күзету керегін айттық. Ауданнан қасқырды атқызу үшін аңшыларды шақыртып қойдық. Мал жекеменшік болғандықтан мемлекеттен өтемақы төленбейді. Иә, сақтандыру жүйесі болса жақсы-ақ еді. Қазір халық тым құрыса мылтық ұстауға рұқсат сұрап отыр. Себебі жыртқыш көбейіп кетті. Оны қойып жазда, аю да түскен болатын», – дейді Ахмет-Бұлақ ауылының әкімі Дәуітбек Ниязбеков.

Полиция осы оқиғаға қатысты кейін түсініктеме беретіндігін хабарлады.

Есентай Айтұлы

Жоғары қарай