Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға 2 мыңға жуық адам өтініш берді

2021 жылдың 16 тамыз 2021 19:42

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға 2 мыңға жуық адам өтініш берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Бақытты отбасы» бағдарламасының жаңа мүмкіндігін талқылап кеңес өткіздім. Бүгінде өңір бойынша бағдарламаға қатысуға 1 860 адам өтініш берген. Олар көпбалалы және толық емес отбасылар, ерекше күтімді қажет ететін баласы бар жанұялар. Азаматтардың көбісі өзгеге тәуелді болғысы келмейді. Сондықтан олар жұмыс істеп, коммерциялық баспана үшін несие төлеуге дайын. Біз өз тарапымыздан алғашқы жарна сертификатының сомасын 1,5 млн теңгеге дейін жеткіздік», - дейді ол.⠀

Әкімнің айтуынша, өтініш берушілерге «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы ұсынылып отыр. Коммерциялық үйлердің бағасы айтарлықтай өскенімен, бұл үйлердің бір шаршы метрінің құны 140-тан 160 мың теңге аралығында. Осылайша «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушылар үйді қолжетімді бағамен ала алады.

«Бірқабатты Шығыс» бағдарламасымен Өскеменде 180 үй салынуда. Оның 106-сына өтініш түсті. Сонымен қатар Семейде құрылысы жүріп жатқан 70 үйдің 58-іне өтініш бар. Мен барлық қала мен аудан әкімдеріне әр отбасымен әңгімелесіп, екі бағдарламаның озық тұстары жайлы жіті түсіндіруді тапсырдым. Адамдар нарықтағыдан әлдеқайда төмен бағада сапалы баспана алу ұсынысына қуанатынына сенімдімін», - деді Даниал Ахметов.⠀

Өткен жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысқандарға 2,1 млрд теңгенің сертификаттары берілді. Соның арқасында 226 отбасы қоныс тойын тойлаған.


Жоғары қарай