Ауа райы
Астана -5 °С
Алматы -5 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

ШҚО-да атмосфера сапасын жақсартуға бес жылда 24 млрд теңге жұмсалады

2020 жылдың 24 қараша 2020 10:18

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстанның экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған жол картасында 35 іс-шара көзделген. Бұл шаралар туралы Үкімет отырысында Экология геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов толығырақ айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мағзұм Мырзағалиев ол шараларда Риддер металлургия комбинатын экологиялық таза технологиялармен жабдықтау, Өскемен қаласында орналасқан ЖЭО-дағы зиянды газдан тазарту құрылғыларын жаңғырту, қолданыстағы кәріздік тазарту кешендерін қайта жаңарту, радиоактивті ластанудың жергілікті ошақтарын анықтау және жою, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою жұмыстары қарастырылғанын жеткізді.

Ал Даниал Ахметов өңірдегі экологиялық проблемаларды кешенді түрде шешудің жоспары іске асырылып жатқанын сөз етті.

Оның айтуынша, экологияны жақсартуға бағытталған инвестицияның жалпы сомасы - 60 млрд теңге.

«Атап айтқанда, бес жылдың ішінде атмосфераны жақсартуға 24 млрд теңге инвестиция салынады. Оның 22,1 млрд теңгесі Риддер металлургиялық кешеніндегі цех құрылысына беріледі. Бұл – Риддер қаласы бойынша атмосфераға күкірт диоксидін шығарудың 714 тоннаға немесе 20 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Бұл орайда кейінгі 7 жылда ауаның ластану деңгейі облыс бойынша 10 мың тоннаға, Өскемен қаласы бойынша 7 мың тоннаға азайғанын атап өту қажет. Осы кезең ішінде ірі кәсіпорындар табиғат қорғау іс-шараларына 35,2 млрд теңге инвестиция салды», - деді ол.

Өңір басшысы облыс орталығында Экологиялық-қоғамдық мониторинг жүйесі жұмыс істейтінін, экологиялық ақпаратты онлайн режимде кедергісіз алу үшін жағдай жасалғанын мәлім етті.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстанда елді мекендердің жасыл белдеулері құрылуда. Өткен жылы 175 мың, ал биыл 30 мың көшет егілген.

Ормандарды қалпына келтіру және көгалдандыру жөнінде 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары әзірленген.


Жоғары қарай