Ауа райы
Астана +7 °С
Алматы +14 °С
валюта бағамы
USD 421.58
EUR 496.83
RUB 5.53
CNY 62.20

Шетелдегі қазақ баспасөзі: Мен сөздіктерді романша оқимын - Түрколог Серік Қауымбайұлы

2021 жылдың 5 желтоқсан 2021 12:35

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Мен сөздіктерді романша оқимын - CNR





Қытайлық kazakcnr.com сайтында Қытай қазақтарынан шыққан белгілі жазушы, аудармашы, түрколог Серік Қауымбайұлының қазақ руханиятындағы өзекті тақырыптарды арқау еткен шығармашылығын баяндаған сұхбаты жарық көрді.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Серік Қауымбайұлы - Қытай қазақтарынан шыққан белгілі сыншы, ақын, жазушы, аудармашы, түрколог. Қытай жазушылар одағының мүшесі. Жазушының «Ақ сайтан», «Ақ періште» секілді әңгімелер жинағы, «Алтын қоңырау», «Ақ қайнар» атты өлең кітаптары және «Жәке би», «Бөрібайдың ұлы», «Ақ жылан», «Тумыс пен жазмыш» секілді романдары бар. Біз төменде Серік Рахымұлының жазушы Серік Қауымбайұлынан алған осы мағыналы сұхбатының өзекті деген тұстарын қысқартып оқырманға ұсынамыз.

***

... Менің шындап әдебиетке кірген шағым алдыңғы ғасырдың 79-ншы жылынан басталды. Алдымен ақындық шабытым оянды. Сол жылы «Мұқамет пен Сара» атты дастан жаздым. 1983 жылы алғашқы әңгімелерім «Аңқю», «Әндеу» атты әңгімелерім жарық көрді. 1984 жылдан бастап сын жаза бастадым. Ал менің тілге қызығушылығым хат танып, кітап оқыған шағымнан басталады. Осы барыста оқыған кітаптарымнан кездескен өзіме түсініксіз сөздерді естелікке алып жинай бердім. Қазір ондай сөздерден менің үстелімнің үстінде 200 мыңнан артық сөз тұр. Бұл рухани дүниелер «Сөз сандыққа сияпат» атты 24 мақалам мен «Тіл тазалығы-рух тазалығы» атты 60-тан астам мақаламның тұсында жұрт көзіне түсті де, еліміздегі тіл мамандары ортасында белгілі дүмпу туғызды ...




Мен ең алғаш түсініксіз сөздерді жинауды Қазақстаннан көшіріп басылған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» атты он томдықтан бастадым. Сол «он томдықты» әр күні он сағаттап жұмыс істеп отырып, төрт ай дегенде бастан-ақыр романша оқып, көшіріп шықтым. Көшіргенде өзіме бейтаныс сөздерді бір ыңғай, қате немесе жаңсақ алынған сөздерді бір ыңғай, арабтан кірген сөздерді бір ыңғай, парсыдан кірген сөздерді бір ыңғай, тағы басқалардан кіргендерді бір ыңғай естелікке алып шықтым. Кейінгі жылдарда оның 15 томдығы шықты. Оны да тұп-тура бес ай отырып, әлгі тәсілмен көшіріп шықтым. Осыны көшіріп отырып, қазақ тілінің қай елде болса да құлдырап бара жатқанын сездім. Сөзім дәлелді болу үшін бір екі мысал келтірейін:

Ешен-ишан. (5-том 485-бет)

Бұл қате сөз. Тілімізде Қажышылау дағдысында жеті рет Қажышылаған адамды Ешен қажы деп атау бар. Бұл қажыға көп рет барды дегенді білдіреді. Осы күнде тіліміздегі көп рет дегенді білдіретін неше сөзін қырғыздар теріс оқып ешен дейді. Ал, Ишан араб сөзі. Тіке мағынасы ұстаз деген сөз.

Жастабан-жеткіншек, жас өспірім. (6-том 164-бет) бұны дұрыстаудың өзі ұят. Оның абақ керейдің бір руының аты екенін елдің бәрі біледі. Ал, жастабанның мұнан басқа ешқандай мағынасы жоқ. Міне, тіліміз осындай күйге түскенде, менің сөздіктерді романша оқымасқа не амалым бар?

Бұдан тыс, ең бір бөгде жасалған сөздік М.Қашқаридың сөздігі. Оның тәсілі дәстүрлі сөздік жасаудың бұл көндердегі дағдысына түсе бермейді. Ол сөздердің буын саны бойынша жасалған сөздік. Сондықтан оны алфавит тәртібіне түсіре алмаймыз. Бұны да үш ай уақытымды жұмсап, өзім қажет еткен ыңғайда қайта тізіп шықтым. Кейін өзім де бір неше сөздік жасадым. Бірақ, оның барлығы оқушылар үшін жасалған еді. Ал, «Жыраулар жыры сөздігін» тіл мамандары үшін жасадым.

Балалар әдебиеті туралы айтар болсам бұл тұрғыда мен ең алдымен оқытушымын. Онан соң ақынмын. Менің табандатқан 10 жылдық өмірім балаларды тәрбиелеу үшін сарп етілген. Бұл 10 жылда мен педагогиканы, методиканы беріле зерттедім. Менің балаларға арналған «Ақ Маржан» атты кітабымда балаларға арналған өлеңдер, каламбурлар, анаграммалар, шарадалар, мазақтамалар, жұмбақтар, жаңылтпаштар және сөз ойыны, әндеме, қазақи өлшемдер сияқты бұрын көп кезіге бермейтін жанршалар беріліп, балаларды ылғи тапқырлыққа қарай жетелеп отырады. Ал, тағы бір «Ақ қайнар» атты кітабымда да сауат ашар, есеп өлең, санамақтар, әндер, өтірік өлеңдер, емле өлең, ереже өлең, түлік жыры, мүлік жыры, дыбыс жыры, ас-су өлең, терме өлең, айтыстар секілді жанршалар беріліп, балаларды тек оқу-білімге қарай жетелейді ...




... Мен жазушы болмағанымда қолөнер шебері болар едім. 18 жасымда өз алдыма бор салып, тез құрып бір ай ішінде киіз үйдің қаңқасын тік тұрғызған адаммын. Мұның сыртында айыл-тұрман, жүген, ноқта, шідер, қамшы дегенді өзім өріп алатынмын. Оның үстіне, дәл оқуға кететін жылы көрік құрып, төс орнатып, әп-әдемі теміршілік дүкен де құрып алған едім. Енді-енді теміршілікті бастай бергенімде оқуға кеттім де қалдым ...

Мен жастарға ең алдымен кітап оқыңдар, тағы да кітап оқыңдар дер едім. Осы жерде ту сонау жетінші ғасырдағы Дупудың бір сөзін еске түсірейік: ол «он мың кітап оқыған адамның қаламынан от шашырайды»-, деген еді. Мен де сол артымнан ерген жас буын қаламгерлердің қаламдарынан от шашырауын тілер едім!


Қазақстан-Моңғолия парламентаралық достық тобының онлайн кездесуі өтті - KAZNEWS




2021 жылғы 3 желтоқсанда Қазақстан-Моңғолия парламентаралық достық тобының төрағалары А.Раумен – Ұлы Хурал депутаты Х.Бәделханның қатысуымен онлайн форматта депутаттық кездесу өтті, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

«Аталған кездесуге депутаттар мен Моңғолияның Қазақстандағы Елшісі Д.Баярхүү мен Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ж.Әділбаев қатысты. Аталған кездесу барысында А.Рау моңғол тарапын жақын арада болып өткен Республика күнімен құттықтап, Моңғолиялық әріптестерін Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерімен таныстырып, қазіргі кезеңде Қазақстанда демократиялық пен азаматтық қоғамды одан әрі жетілдіру бағытындағы саяси реформалар туралы баяндады. Х.Бәделхан 16 желтоқсанда тойланатын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұған қоса 2022 жылы екі елдің дипломатиялық қатынастар орнатқанына 30 жыл толатынын, Парламент депутаттарының Моңғолия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жандануында үлкен рөл атқарғанын айтты.




Моңғолия-Қазақстан парламентаралық достық тобының Төрағасы – Ұлы Хурал депутаты Х.Бәделхан COVID-19 пандемиясымен күрес аясында осы індетке өңірлік деңгейде төтеп берудің, сондай-ақ оның салдарын жоюда бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығына ерекше мән берді.

Тараптар екі елдің халық мүделері арасындағы ынтымақтастықты дамыту туралы шараларға тоқталып, заң дайындау/қабылдау, оның маңызды бағыттары бойынша пікір алмасып, екіжақты парламент депутаттары арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру қажеттілігін атап өтті.




Кездесу соңында депутаттар өзара қолдау көрсету және ынтымақтастықты тереңдету, сондай-ақ бұдан әрі Қазақстан мен Моңғолия арасындағы парламентаралық диалогтарды дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізді», - деп жазды Kaznews.


Шавкат Мирзияев Қазақстанға мемлекеттік сапармен барады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі




Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзияев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 5-6 желтоқсанда Қазақстанға мемлекеттік сапармен барады, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Сапар бағдарламасына сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында бауырлас халықтарымыз арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік байланыстарын одан әрі нығайту жолдарын талқылау мақсатында жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер өтеді. Сондай-ақ күн тәртібінде саяси диалог пен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, бірінші кезекте экономиканың түрлі салаларында практикалық байланыстар мен нақты ынтымақтастық жобаларын ілгерілету, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық алмасу бағдарламаларын белсендіру мәселелері қарастырылған. Бұдан бөлек, Өзбекстан мен Қазақстан басшылары халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, аймақтық интеграцияның негізгі бағыттарын талқылайды. Саммит соңында екіжақты құжаттардың маңызды пакетіне қол қою жоспарланған және осы сапар қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында екі елдің жетекші компаниялары мен кәсіпкерлерінің қатысуында бизнес-форум өтеді», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы Ыстанбұл төрінде тойланды - TRT




Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай желтоқсан айының 1-ші жұлдызында Ыстанбұл төрінде «Сазген» фольклорлы-этнографиялық халық аспаптар ансамблінің концерті болып өтті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«Ыстанбұлдың Малтепе ауданында өткен іс-шараны Түркия қазақтарының «Көк Ту» қазақ мәдениеті қоғамы ұйымдастырды. Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамблі өз репертуарындағы халық әні мен күйі, биі арқылы түрік халқының ыстық ықыласына бөленді. Шараның бас ұйымдастырушы «Көк Ту» қазақ мәдениеті қоғамы 2018 жылы Анкара қаласында құрылып, 3 жарым жыл ішінде Түркияда қазақ мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін насихаттау жолында ерен еңбек етіп келеді. Аталмыш концерт Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Түркияның Ялова, Бурса, Анкара қалаларында жалғасын табады», -деп жазады TRT.


Қазақстанда парсы тілінен олимпиада өтті - Фарс




Жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрмен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің шетел тілдерін оқыту әдістемесі кафедрасы мен Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының Елшілігі жанындағы Мәдени орталықтың ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы ЖОО парсы тілін екінші тіл ретінде меңгеретін студенттер арасында тілдік олимпиада болып өтті, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

«Олимпиаданы шетел тілдерін оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі А.М.Жалалова ашып беріп, қазіргі кезде Иран мен Қазақстан арасындағы байланыстың дамуына, парсы тілінің маңыздылығына тоқталып, университетте парсы тілін оқып жатқан студенттерді қолдап, көмектесіп жатқан Иран мәдени орталығы директорына алғыс айтты. Сондай-ақ Алламе Табатабайи университетінің ұстазы (Иран) PhD О. Изади, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстаздары PhD Ғ.Ә. Қамбарбекова мен PhD Б.Батырхан сөз сөйлеп, олимпиадаға қатысып отырған студенттерге сәттілік тіледі. Әділқазылар алқасының шешімімен ең жоғары балл жинаған жеңімпаздар марапатталып, әрқайсысына ақшалай сыйақы берілді. Сонымен бірге олимпиадаға қатысқан студенттердің барлығына Иран Ислам Республикасының Елшілігі жанындағы Мәдени орталық тарапынан сертификат берілді», - деп жазады Parstoday ақпарат агенттігі.



Жоғары қарай